«Біз аманбыз»: желіде із-түссіз жоғалды делінген екі сарбаз видеоға шықты

Скрин видеодан
Әлеуметтік желіде із-түссіз жоғалды деген ақпарат тараған мерзімді әскери қызметтегі матростар Әли Мағауия мен Айнар Ахмет видеоға шығып, жағдайларының жақсы екенін айтты. Екі сарбаз да 24 қыркүйекте кемеге мінбегенін мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода әскери бөлімге сарбаздар туралы тараған ақпараттың мән-жайын анықтау үшін келген азамат олардың екеуі де бөлімде екенін көрсетеді.
«Құрметті қазақ елі! Қазір әлеуметтік желілерде өте көп жалған ақпарат тарап жатыр. Мән-жайды анықтау үшін әскери бөлімге келдік. Менің қасымда қазір Әли Мағауия мен Айнар Ахмет отыр», – дейді видео авторы.
Әли Мағауия 24 қыркүйекте кемеге мінбегенін және сол күні жағалауда қалғанын айтты.
«Мен жағалау күзетінде қалдым. Маған ұялы телефон берді. Ата-анаммен сөйлесіп, хал-жағдайымның жақсы екенін жеткіздім», – деді ол.
Әлеуметтік желіде жоғалды делінген екінші сарбаз Айнар Ахмет те оқиға болған күні теңіз жағалауында болғанын жеткізді.
«24 қыркүйекте теңіз жағалауында болдым, яғни кемеге мінген жоқпын. Оқиға орын алғаннан кейін үйдегілерге хабарласып, жағдайымның жақсы екенін жеткіздім», – деді Айнар Ахмет.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігі де екі матросқа қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берген еді. Қазіргі уақытта екі әскери қызметші де әскери бөлімде және қызметін жалғастырып жүр.


