NoFake

Сарбаздардың өлімі: Қарин мемлекет қабылдаған негізгі шараларды мәлімдеді

Фото: akorda.kz

Вице-президент Ерлан Қарин Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы жалпыұлттық қасіретке айналғанын жеткізіп, мемлекет қабылдаған негізгі шараларға тоқталды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты барлық негізгі мәселені, яғни зардап шеккендерге көмек көрсету, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермес үшін оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу жөніндегі жүйелі шараларды жедел түрде жеке бақылауына алған.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдап, олардың туған-туыстары мен жақындарына жеке өз атынан көңіл айтты. Мемлекет басшысының Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталды», — деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ол Президенттің тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына шұғыл жіберілгенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккен жауынгерлерге қажетті барлық көмек пен қолдауды көрсетуді тапсырды. Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Алғашқы кезектегі тергеу және процессуалдық іс-әрекеттер жүргізілді. Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталды», — деді Ерлан Қарин.

Вице-президент қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатқанын және Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар және басқа да азаматтар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қысқа мерзім ішінде қаражат жинау ісінің жедел әрі ашық жүргізілуін қамтамасыз ететін арнайы қор құрылды», — делінген вице-президент хабарламасында.

Ерлан Қарин, сонымен бірге Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын қоғамдық комиссия жасақтағанына, оның негізгі міндеті – жиналған қайырымдылық қаражатын әділ әрі ашық бөлуді қамтамасыз ету екеніне тоқталды.

«Жұртшылықтың алдағы уақытта да қабылданған барлық шаралар туралы уақтылы әрі ашық ақпарат алып отыруы қамтамасыз етілетін болады. Ең бастысы мемлекет тек жедел әрекет етіп қана қоймай, оқиғалардың түпкі себептерін жоюға бағытталған жүйелі әрі кешенді шешімдерді қабылдауда», — деді ол.

Одан бөлек, вице-президент Мемлекет басшысының Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомствоның жұмысын кешенді тексеру жөнінде Комиссия құрғанын мәлімдеді.

«Қаржы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайына жүргізілген аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде баяндалуға тиіс. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды», — деп жазды ол.

Ол аталған реформаның басты міндеті – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру екенін жеткізді.

«Осылайша, аз ғана уақыттың ішінде Мемлекет басшысы кадрлық тағайындаудан бастап әскерді түбегейлі реформалауға дейінгі барлық негізгі шешімдерді қабылдады», — деді ол.

Айта кетейік, Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қаза болып, 25-ші қыркүйек елімізде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланған еді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы комиссия жасақталып, қайғылы жағдайға қатысты мән-жай анықталып жатыр.

Оқу үшін