NoFake

«Адамзатқа бір жылға жететін ғана су қалды»: Цукербергтің дипфейк видеосы тарады

Фото: Getty Images

Әлеуметтік желіде Meta компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг адамзатқа небәрі бір жылға жететін ауызсу қалғанын айтып жатқан видео тарады. Алайда видео түпнұсқа емес. Цукерберг мұндай мәлімдеме жасамаған, ал оның сөзі жасанды интеллект көмегімен өзгертілген.

Видеода Марк Цукерберг әлемдегі су қоры туралы айтып, адамзатқа бір жылға жететін ғана ауызсу қалғанын мәлімдейді. Артынша роликте World Water Reserve деп аталатын криптовалюта жобасы туралы ақпарат беріледі. Алайда британдық фактчекинг ұйымы Full Fact видеоны тексеріп, оның дипфейк екенін анықтады.

Түпнұсқада Цукерберг не айтқан?

Фактчекерлер видеода пайдаланылған түпнұсқа кадрды тапқан. Ол Марк Цукербергтің бұрын жарияланған видеосынан алынған. Бірақ түпнұсқада ол әлемдегі су тапшылығы немесе адамзатқа бір жылға ғана жететін су қалғаны туралы айтпайды. Фейк роликті жасағандар Цукербергтің дауысын өзгертіп, жаңа мәтін қосқан. Сондай-ақ жасанды дауысқа сәйкес келуі үшін оның ерін қимылы да өңделген. Full Fact мамандары видеодағы аудио мен адамның бет қимылында жасанды интеллект көмегімен өңдеуге тән белгілер бар екенін атап өтті.

Фейк не үшін жасалған?

Видео жай ғана жалған ақпарат тарату үшін емес, World Water Reserve деп аталатын криптовалютаны жарнамалау үшін пайдаланылған. Яғни танымал адамның бейнесі мен дауысы көрерменнің сеніміне кіру үшін қолданылған. Ал «адамзатқа бір жылға жететін ғана су қалды» деген үрейлі мәлімдеме аудиторияның назарын аударуға бағытталған.

Түйін

Марк Цукерберг адамзатқа бір жылға жететін ғана ауызсу қалғанын айтқан жоқ. Әлеуметтік желіде тараған видео — жасанды интеллект көмегімен өңделген дипфейк.

Оқу үшін