NoFake

Қазақстанда бір тәулікте үш рет жер сілкінді

Фото: vlast.kz

28 қыркүйекте Алматы облысында жер сілкінісі тіркелді. Бұл – бүгін Қазақстан аумағында тіркелген үшінші сейсмикалық оқиға. Соңғы жерасты дүмпулері Нарынқол мен Кеген ауылдарында сезілді.

ҚР ТЖМ «Сейсмологиялық зерттеу институты» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін Астана уақытымен сағат 13:53-те тіркеген.

«Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде орналасқан. Есептік қарқындылығы Нарынқол ауылында 2–3 балл, Кеген ауылында 2 баллды құрады», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Жер сілкінісінен кейін «Қазселденқорғау» мамандары өзен арналарына, гидротехникалық құрылыстарға, көшкін және сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізді. Сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету нысандары тексерілді.

«Тексеру нәтижелері бойынша зақымдану табылған жоқ, қазіргі уақытта аталған объектілер штаттық режимде жұмыс істейді. Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ. Жағдай тұрақты», – деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, бүгін бүгін таңғы сағат 06:30 шамасында Алматы тұрғындары әлеуметтік желілерде жер асты дүмпулерін сезген. Кейін сағат 09:38-де ҚР ТЖМ «СБЗҰҒО» ЖШС сейсмикалық станциялар Алматыда тағы жер сілкінісін тіркеді.

Оқу үшін