NoFake

Күзде иммунитетті «көтеру» керек деген рас па

Фото: Depositphotos

Күзде «иммунитетті көтеретін» дәрумендер мен БАД-тар көбейеді. Бірақ олардың бәрі шынымен қажет пе? NoFake.kz редакциясына Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы ұсынған мәліметтер негізінде жауап береді

Күз келгенде «иммунитетті көтеру керек» деген кеңес жиілейді. Бірақ мамандар иммунитетті телефонның батареясы сияқты 100 пайызға дейін «зарядтау» мүмкін емес екенін айтады.

Иммунитетті күшейту керек пе?

Орталық мәліметінше  иммундық жүйе — ағзаның инфекциялардан қорғанатын күрделі жүйесі. Оның құрамына қан жасушалары, антиденелер, лимфа түйіндері және басқа да мүшелер кіреді.

«Иммунитеттің екі негізгі түрі бар. Туа біткен иммунитет  инфекцияға бірінші болып жауап береді. Ал жүре пайда болған иммунитет нақты инфекцияны танып, оны есте сақтайды. Вакциналар да осы қасиетке негізделген», — дейді медицина саласының өкілдері.

Сондықтан иммунитетті үнемі «қоздырып» немесе «көтеріп» отырудың қажеті жоқ. Ең маңыздысы — оның дұрыс жұмыс істеуі.

Фото: Depositphotos

Жиі ауырсаңыз, иммунитетіңіз әлсіз деген сөз бе?

«Адамның жиі ауыруы оның иммунитеті төмен екендігін білдірмейді. Ағзаға суық тиюге тек иммунитет емес, басқа да факторлар әсер етеді. Мысалы, адамның жасы, жыл мезгілі, адамдармен жиі араласу, ұйқының аздығы, темекі шегу және созылмалы аурулар. Сондықтан күзде бірнеше рет тұмаурату немесе ЖРВИ-мен ауыру бірден иммунитеттің әлсіз екенін білдірмейді», — дейді дәрігерлер.

Сондай-ақ, дәрігерлер ұзақ, әрі созылмалы аурулар кезінде маманға жүгінуге кеңес береді.

«Мына жағдайларға мән берген жөн: инфекцияның әдеттен тыс ауыр немесе ұзаққа созылуы, аурудың жиі қайталануы, әдеттегі емнің әсер етпеуі және сирек кездесетін қоздырғыштардан инфекция жұқтыру. Мұндай жағдайда себепті БАД дүкенінен емес, дәрігермен бірге іздеген дұрыс», — дейді мамандар.

Бал, лимон мен зімбір иммунитетті көтере ме?

«Олар пайдалы тағам болуы мүмкін, бірақ иммунитетті «көтермейді». Мысалы, бал жөтелді жеңілдетуге көмектеседі. Жылы сусын тамақтың ауырғанын азайтуы мүмкін. Ал жемістер, көкөністер, жаңғақ пен көк шөптер дұрыс тамақтанудың бір бөлігі. Бірақ бал, лимон, сарымсақ немесе зімбір адамды инфекциядан толық қорғай алмайды», — делінген жауапта.

Фото: Depositphotos

Балды ыстыққа салса, уға айналатыны рас па?

Балға қатысты тағы бір миф бар: «ыстық шайға қоссаң, бал уға айналады» деген пікір дұрыс емес.

«Ыстық температура оның кейбір пайдалы қасиеттерін азайтуы мүмкін, бірақ бал улы болып кетпейді. Дегенмен балдың құрамында қант бар. Сондықтан оны «иммунитет үшін» көп мөлшерде жеудің қажеті жоқ»,- дейді мамандар.

Ал бір жасқа толмаған балаларға орталық мамандары бал мүлде беруге болмайтынын айтады.

 «Оның құрамында нәрестелер үшін қауіпті ботулизм қоздырғышының споралары болуы мүмкін. Сондықтан бір жасқа дейінгі балаларға бал беруге болмайды», —  дейді олар.

Күзде міндетті түрде дәрумен ішу керек пе?

Дәрумендер ағзаға қажет. Бірақ «дәруменді көп ішсем, иммунитетім де мықты болады» деген түсінік дұрыс емес. Егер ағзада белгілі бір дәрумен жетіспесе, оны толықтыру пайдалы. Ал тапшылық болмаса, дәрумендерді көп мөлшерде қабылдау иммунитетті ерекше күшейтпейді. Керісінше, кейбір дәрумендер мен минералдардың артық мөлшері зиян болуы мүмкін.

«Мысалы, A, D, E және K дәрумендері ағзада жиналады. Ал С дәруменін тым көп қабылдау асқазанның бұзылуына әкелуі мүмкін. Мырышты ұзақ уақыт шамадан тыс қолдану да денсаулыққа кері әсер етеді. Сондықтан дәрумендерді тек қажет болған жағдайда қабылдаған дұрыс», — деді сарапшылар.

«Иммунитетке арналған» тамызғыштар көмектесе ме?

«Тамызғыштың әсері тез болуы оның пайдалырақ екенін білдірмейді. Кейбір жерлерде «иммунитетке арналған», «детокс» немесе «қалпына келтіретін» тамызғыштар ұсынылады. Бірақ дені сау адамға медициналық көрсетілімсіз дәрумендерді көктамыр арқылы енгізудің иммунитет үшін ерекше пайдасы дәлелденбеген», — дейді мамандар.

Сонымен қатар кез келген көктамырішілік процедураның қаупі бар. Тамызғыштар медицинада нақты қажет болған жағдайда қолданылады. Оны жай ғана «иммунитетті көтеру» үшін жасатудың қажеті жоқ.

Иммуномодуляторларды өздігінен ішуге бола ма?

Иммундық жүйеге әсер ететін дәрілер бар. Бірақ олар нақты ауруларды емдеу үшін және дәрігердің көрсетімі бойынша қолданылады. Дені сау адамға анда-санда ішіп, иммунитетін күшейтетін әмбебап дәрі жоқ. Сондықтан қаптамадағы «иммунитетті нығайтады» деген жазу препараттың тиімділігі ғылыми дәлелденгенін білдірмейді.

 Ағзаны «детокс» арқылы тазарту керек пе?

Мамандардың айтуынша, дені сау адамға арнайы детокс қажет емес.Ағза қажетсіз заттарды бауыр, бүйрек және басқа мүшелер арқылы өзі шығарады. Сондықтан арнайы детокс сусындары, шөп шайлары немесе ашығу иммунитетті жақсартады деген нақты ғылыми дәлел жоқ. Егер бауыр немесе бүйрек дұрыс жұмыс істемесе, детокс емес, дәрігердің көмегі қажет.

Мұздай сумен шынығу иммунитетті күшейте ме?

Шынығу ағзаның суыққа бейімделуіне көмектесуі мүмкін. Бірақ дәрігерлер суық суға түсу ЖРВИ-ден қорғайды деген дәлел жоқ екенін айтады. Керісінше, дайындықсыз адамға бірден суық суға түсу ағзаға қатты стресс болуы мүмкін. Сондықтан «су неғұрлым суық болса, соғұрлым пайдалы» деген түсінік дұрыс емес. Әсіресе балаларға мұндай экстремалды шынығу тәсілдерін қолдануға болмайды.

Фото: Depositphotos

Иммунитет мықты болу үшін не істеген дұрыс?

Мамандар адам иммунитеті мықты болу үшін салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану, кажет болған жағдайда екпе алу керек екенін айтады.

«Жақсы ұйықтау— ұйқы режимін сақтау. Дұрыс тамақтану — көкөніс, жеміс, ақуыз және басқа пайдалы өнімдерді жеткілікті тұтыну.Қозғалу — тұрақты физикалық белсенді болу. Темекіден бас тарту. Алкогольді шамадан тыс ішпеуСозылмалы ауруларды бақылауда ұстау, вакцина алу», — дейді дәрігерлер.

Екпені медицина мамандары нақты инфекцияларға қарсы қорғаныс қалыптастырудың тиімді тәсілдерінің бірі ретінде атайды.

«Вакцина иммунитетті жалпы «көтермейді». Ол ағзаны белгілі бір инфекциямен кездесуге алдын ала дайындайды», — дейді олар.

Сонымен қатар денсаулық сақтау орталығы мамандары күзде «иммунитетімді немен көтеремін?» дегеннен гөрі, «ағзама нақты не қажет?» деп сұрауға кеңес береді. Айта кетейік, бұған дейін біз «БАД-тар: тиімді көмек пе, әлде баяу әсер ететін у ма?» деген сауалға жауап бердік.

Оқу үшін