Ресейлік шоумен Қазақстан туралы тараған видеоның дипфейк екенін мәлімдеді

Иллюстрация Midjourney
Тарзан лақап атымен танымал ресейлік шоумен Сергей Глушко әлеуметтік желіде қазақстандықтарға үндеу жасап, өзінің атынан тараған арандатушылық видеоға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Глушко Instagram парақшасында арнайы видео жариялап, жалған роликтің түпнұсқасы қайдан алынғанын түсіндірді.
«Бізді көршілерімізбен – Қазақстанмен араздастырғысы келетіндер жасанды интеллект көмегімен менің аузыма арандатушылық сөздер салған. Қазақстандықтарға мұндай сөздерді ешқашан айтпағанымды жеткізгім келеді. Видео менің Instagram парақшамдағы 2021 жылғы 15 тамыздағы жазбадан алынған. Ол жерде мен өзімнің көркемсурет саласындағы білімім туралы айтып отырмын», – деді Сергей Глушко.
Шоумен қазақстандықтарды әлеуметтік желідегі ақпаратты мұқият тексеруге шақырды. Оның айтуынша, дипфейк тарағаннан кейін өзіне жағымсыз пікірлер мен қоқан-лоқы сипатындағы хабарламалар келген.
Фейк видеолардың мазмұндары бір
Тараған дипфейкте Тарзан Қазақстан Ресей азаматтарының арзан жанармай сатып алу үшін елге кіруін шектеп, шекарадан өтуді ақылы етті деген мазмұнда сөйлейді. Жалған видеода оның атынан Ресей президенті Владимир Путинге қатысты да арандатушылық сипаттағы сөздер айтылған.
Бір қызығы, мұндай риторика бұған дейін басқа ресейлік өнер иесінің атынан тараған дипфейктерде де кездескен. Әлеуметтік желіде «Любэ» тобының солисі Николай Расторгуев Қазақстанды сынап, Ресей билігінен оған қатысты шара қолдануды күткендей етіп көрсетілген бірнеше жалған видео тараған. Кейін олардың ЖИ көмегімен жасалғаны анықталды.
NoFake.kz бұған дейін Расторгуевтің атынан тараған осындай видеолардың бірін тексерген. Жалған роликте оның шынайы кадрлары пайдаланылып, мимикасы мен ерін қозғалысы өзгертілген және синтезделген дауыс қосылған. Нәтижесінде әнші айтпаған сөздерді айтып отырғандай әсер қалыптастырылған. Тарзанның атынан тараған жаңа роликте де осыған ұқсас тәсіл қолданылған.
Айта кетейік, Қазақстанда мұнай өнімдерін елден автокөлікпен шығаруға шектеу шынымен бар. 2026 жылғы 21 мамырдан бастап бензин мен дизель отынын автокөлікпен елден шығаруға уақытша тыйым салынған. Алайда зауытта орнатылған стандартты жанармай багындағы отынды тәулігіне бір рет алып шығуға рұқсат етіледі. Яғни дипфейк авторлары нақты қабылданған шектеуді пайдаланып, оған Тарзан айтпаған арандатушылық пікірлерді қосқан.


