NoFake

TikTok-та тараған Николай Расторгуевтің Қазақстан туралы видеосы – дипфейк

Фото: Укипедия

TikTok желісінде ресейлік әнші әрі актер Николай Расторгуевтің Қазақстан туралы мәлімдеме жасап тұрғаны бейнеленген видео тарады.

Онда ол қазақстандықтарды айыптап, «біз қазақтарды кешіреміз», «Путиннің қолынан келмесе, оның мұрагері кешірім сұратуы тиіс» деген сияқты сөздер айтады. Алайда бұл видео шынайы емес – жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейк.

Не анықталды?

NoFake.kz редакциясы видеоны жасанды интеллект арқылы жасалған контентті анықтайтын Hive AI детекторына жүктеп тексерді.

Тексеру нәтижесі бойынша роликтің 73,2%-ға дейін жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы ықтимал екені анықталды. Ал видеодағы кейбір кадрларда бұл көрсеткіш 87,6%-ға дейін жетеді.

Скриншоттағы нәтижеде жүйе видеоны «Likely to contain AI-generated content» («Жасанды интеллект арқылы жасалған контент болуы ықтимал») деп бағалаған.

Видеодағы қандай белгілер күмән туғызады?

Талдау барысында бірнеше тән белгі байқалады:

  • ерін қимылы айтылып тұрған сөздермен толық сәйкес келмейді;
  • бет мимикасы кей сәттерде табиғи емес көрінеді;
  • дауыс интонациясы бірқалыпты, эмоциясы мен тыныс алу элементтері байқалмайды;
  • кадрлардағы бет қозғалысында нейрожелі өңдеуіне тән ұсақ визуалды ақаулар кездеседі.

Мұндай белгілер дипфейк технологиясымен өңделген видеоларға тән.

Бұл бірінші жағдай емес

Бұған дейін де әлеуметтік желілерде Николай Расторгуевтің атынан Қазақстан туралы түрлі мәлімдемелер айтылған бірнеше жалған видео тарағанын жазған болатынбыз.

Оқу үшін