NoFake

Сайлау қарсаңындағы ақпараттық манипуляция: фейк-аккаунттардың қаупі қандай

Коллаж: MidJourney

Елімізде саяси науқан алдында фейк-аккаунттар жиі ашылып жатады. Мұндай жалған аккаунттардың астарында кімдер тұр және олар несімен қауіпті? Nofake.kz зерттеп көрді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше елімізде 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтетінін мәлімдеген еді. Естеріңізде болса, бұған дейін саяси науқан алдында түрлі дипфейктер мен жалған парақшалар ашылып, манипуляция құралына айналатынын хабарлаған едік.

Осыған орай, желіде саяси науқан алдында расымен жалған аккаунттар пайда болып, олар қоғамға манипуляция жасауға тырысатынын байқадық.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Мәселен, төмендегі аккаунттардың бірінде елде қос палатаның тарап жатқаны, осыған орай қоғамда түрлі өзгеріс алуы мүмкіндігі туралы хабар айтылады.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Алайда, парақшаның өзіне кіріп, оған зерттеу жасағанымызда ондағы оқырман санының мүлдем аз екенін, ал аккаунттың өзі жыл басында ғана құрылғанын анық көруге болады.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Боттар дегеніміз не және оның астарында кімдер тұр?

Нью-Йорк университетінің саясаттану профессоры, Әлеуметтік медиа және саясат орталығының негізін қалаушылардың бірі Джошуа Такердің айтуынша, боттар – адамзат үшін жаңа құбылыс емес. Оның айтуынша, желіде жазбаны немесе пікірді адам жарияласа – бұл қарапайым қолданушы, ал жариялау үдерісі автоматтандырылса – бұл бот болады.

«Бұрын біз автоматтандыру мен адамның қатысуы қатар қолданылатын аккаунттарды «киборг-аккаунттар» деп атайтынбыз. Іс жүзінде көптеген парақшалар дәл осылай жұмыс істейді. Көп жағдайда «бот» сөзі көбіне жағымсыз мағынада қолданылады. Алайда автоматтандырылған боттар заңды түрде қолданылады және оны пайдаланушылар көп», — деді ол.

Шетелдік сарапшы жағдайдың бәрі генеративті ЖИ пайда болғалы түбегейлі өзгергенін айтады.

«Бұған дейін әлеуметтік желілер ақпарат таратудың құнын барынша төмендетсе, енді ЖИ ақпарат өндірудің өзін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Қазір түрлі  жүйелер мәтіндерді өздігінен жазып, оларды түрлі тілге аударып, оны кең көлемде тарата алады. Контентті автоматты түрде өндіру мен оны автоматты түрде тарату қатар жүрген кезде біз «ЖИ-боттар тобы» деп аталатын құбылысқа тап боламыз», — деді ол.

Маманның пікірінше, бұл үрдіс контент жасау нарығына да әсер етіп отыр. Мәселен, бүгінге дейін контентті адамдар өздері жасап, түнде шаршау салдарынан белсенділікті төмендетсе, қазір боттарға «ұйықтаудың» қажеті жоқ.

«Дегенмен негізгі мәселе контент өндіруде емес, оның қоғам пікіріне әсерінде екенін үмытпау керек. Әзірге мұндай жүйелердің адамдардың саяси көзқарасын шынымен өзгерте алатынын нақты айта алмаймыз», — дейді маман.

Саяси науқан және боттар: кім, не ұтады

Нью-Йорк университетінің саясаттану профессоры Джошуа Такер саяси науқан алдындағы боттардың жұмысына да тоқталды. Оның пікірінше, жалған аккаунт ашып, бірден «ботқа» айналатын парақшалар тұтастай алғанда адамдардың түбегейлі саяси ұстанымын өзгерте алмайды. Алайда, олар адамдардың сенімсіз, күмән тудыратын көзқарасына тікелей ықпал етуі мүмкін, дейді маман.

«Боттар көбіне сендіруші емес, белгілі бір ақпараттың көрінуін күшейтетін құрал ретінде жұмыс істейді. Олар әлеуметтік желі алгоритмдері үшін кейбір хабарламаларды көбірек байқалатындай етеді. Мысалы, 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауы кезінде біз бұл құбылысты зерттедік. Зерттеу нәтижесінде боттардың туиттерін көру мен қолданушылардың саяси көзқарасының өзгеруі арасында статистикалық тұрғыдан маңызды байланыс анықталмады», — деді ол.

Сондай-ақ сарапшы саяси науқан кезінде ақпарат өте көп болғандықтан, медиакеңістікте мұндай контенттің көлемі жаңалықтар мен саяси жарнамаға қарағанда әлдеқайда аз болатынын жеткізді.

«Боттардың негізгі әсері адамдарды сендіруде емес, күн тәртібін қалыптастыруда болуы мүмкін. Яғни адамдар қай тақырыпты жиі талқыласа, олар да қоғамның назарын сол тақырыпқа ауыстыруға күш салады. Мұндағы басты мақсат  — адамдарды сендіру емес, олардың назарын басқаға аудару. Кейде адамды белгілі бір пікірге көндіруден гөрі, оны бір тақырып туралы сөйлету маңыздырақ болады. ЖИ-боттар қоғамдық талқылаудың назарын басқа арнаға бұруда өте тиімді болуы мүмкін», — деп сөзін қорытындылады ол.

Боттар мен ЖИ боттардан қандай қауіп бар?

Профессор Джошуа Такер қазіргі таңда боттар мен ЖИ боттардан әлемде екі түрлі қауіп төніп тұрғанын атап өтті.

Біріншісі – адамдар жасанды контентті ажырата алмайды;

Екіншісі – адамдар барлық ақпаратқа күмәнмен қарап, шынайы ақпаратты «фейк» деп қабылдай бастайды.

«Бұл «өтірікшінің дивиденді» деп аталатын құбылыспен байланысты. Қоғам жалған ақпараттың көптігіне үйренген кезде, кез келген шынайы ақпаратты да «фейк» деп жоққа шығаруға болады. Нәтижесінде бүкіл ақпараттық ортаға деген сенім әлсірейді. Болашақта адамның шынымен адам екенін дәлелдеу маңызды мәселеге айналуы мүмкін», — деді ол.

Шынайы пайдаланушы мен жалған аккаунт, ботты қалай ажыратамыз?

Science журналының тұрақты авторларының бірі, күрделі желілерді талдау бойынша сарапшы Даниэль Тило Шрёдер шынайы қолданушы мен боттарды ажырату жолдарын түсіндірді.

«Бұрын әлеуметтік желідегі боттар қарапайым жұмыс істеп, бірдей хабарламаларды қайталау арқылы өздерін білдіріп қоятын. Ал ірі тілдік модельдердің пайда болуымен олар әлдеқайда сенімді көріне бастады. Қазіргі жүйелер адаммен еркін диалог құрып, оның реакциясына бейімделіп, біртіндеп белгілі бір көзқарасты қабылдауға итермелей алады», — дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі боттар көбіне жеке аккаунт ретінде емес, өзара байланысқан желі түрінде жұмыс істейді. Сондықтан бір ғана аккаунтқа емес, оның басқа парақшалармен байланысына да назар аудару маңызды.

Күмәнді аккаунттарды мына белгілер арқылы байқауға болады:

  • аккаунттың жақында ғана ашылуы;
  • жазылушылар санының өте аз болуы;
  • жарияланымдардың аз немесе бір сарында болуы;
  • бірдей мазмұндағы хабарламалардың бірнеше аккаунтта қатар таралуы;
  • түрлі парақшалардың бір уақытта бірдей тақырыпты немесе бірдей нарративті белсенді насихаттауы;
  • пікірталастарда белгілі бір көзқарасты жаппай қолдап отырғандай әсер қалыптастыруы.

Сарапшының пікірінше, дәл осы үйлестірілген әрекет қазіргі боттар желісінің басты ерекшелігі саналады. Сонымен қатар ЖИ әлеуметтік желілердегі пайдаланушылардың мінез-құлқын талдап, олардың қызығушылықтары мен психологиялық ерекшеліктеріне қарай әртүрлі ықпал ету тәсілдерін қолдана алады. Сол себепті бүгінгі боттар тек ақпарат таратумен шектелмей, адамдардың назарын белгілі бір тақырыпқа аударуға және қоғамдық пікірге әсер етуге тырысады.

Ең маңыздысы – бір аккаунтқа қарап қорытынды жасамау. Егер бірнеше күмәнді парақша бір мезгілде бірдей мазмұндағы ақпаратты таратып, бір-бірін қолдап отырса, бұл үйлестірілген боттар желісінің белгісі болуы мүмкін.

Боттардың манипулциясына қалай түспейміз: саясаткер сөзі

Саясаткер Ғазиз Әбішевтің айтуынша, өзге электоралды жүйелерде сайлау кезінде расымен манипуляциялық кезеңдер күшейе түседі.

«Иә, мұндай жүйелерде шынымен түрлі фейктер мен жалған ақпарат көп болады. Егер біздегі электоралды жүйені басқалармен салыстырсақ, біздегі саяси жүйелер ондаймен шұғылдана бермейді. Бірақ манипуляцияны әрине ақпараттық-коммуникациялық жүйелердің құралы ретінде қарауға болады. Ол тек сайлау кезінде ғана емес жалпы күнделікті кездеседі, бірақ сайлау алдында күшейетіні шындық», -деді ол.

Оның айтуынша, халықтың көпшілігі көп жағдайда манипуляцияға жиі беріледі.

«Манипуляцияға тек ашық, әділ әрі тәуелсіз БАҚ қана тосқауыл бола алады. Бірақ қызығы – қоғамда еркіндік болмағанда, мұндай БАҚ азаяды, ал тәуелсіз БАҚ көп болса, олар керісінше өздері жылдам коммерцияландырылып, өздері манипуляция көзіне айналады. Сол себепті қоғамда алтын ортаны табу қиын. Сондықтан адамдар сыни ойлау дағдыларын дамытып, саяси тұрғыда сауатты болу керек», — деді ол.

Түйін

Саяси науқан кезінде әлеуметтік желілердегі ақпарат ағыны күрт көбейіп, онымен бірге фейк-аккаунттар және ЖИ көмегімен басқарылатын боттар да белсенді әрекет ете бастайды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жүйелердің басты мақсаты – адамдардың саяси көзқарасын түбегейлі өзгерту емес, қоғамның назарын белгілі бір тақырыпқа аударып, белгілі бір пікірді көпшілік қолдап отырғандай әсер қалыптастыру. Сондықтан сайлау қарсаңында әрбір қолданушы ақпараттың дереккөзіне мұқият қарап, жаңадан ашылған немесе күмән тудыратын аккаунттарға сын көзбен қарауы қажет. Ақпараттық манипуляциядан қорғанудың ең тиімді жолы – медиасауаттылықты арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және ақпаратты бірнеше сенімді дереккөз арқылы тексеру. Дәл осы дағдылар жалған ақпараттың ықпалына түсуден сақтап, саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді.

Оқу үшін