NoFake

Құрылтай сайлауында жүрген «робот» шын мәнінде кім

Коллаж: NoFake.kz

Құрылтай сайлауына халат киіп келген әйелдің жанында жүрген роботқа көпшілік ерекше назар аударды. Әлеуметтік желіде жұрт «бұл шынымен робот па, әлде роботтың костюмін киген адам ба?» деп жазды. Бұл сұраққа NoFake.kz редакциясы жауап іздеді.

Астанада сайлау учаскесіне өзімен бірге робот ертіп келген әйелді көп адам байқамай да қалар ма еді, егер бұқаралық ақпарат құралдары «Халат киген әйел мен робот дауыс беруге келді» деген тақарып қойып, жарыса жазбаса. БАҚ қана емес, әлеуметтік желі қолданушылары да бұл екеуге ерекше назар аударды.

Оқырман назар аударып қана қоймады, «әйелдің жанында жүрген шын робот па, әлде роботтың костюмін киген адам ба?» деген сұрақ көбейді. Бұл видеоны алғашқылардың бірі болып Астана қаласы коммуникациялар қызметі жариялады. Сондықтан, біз орталыққа хабарластық. Коммуникациялар қызметі, Астана қаласы әкімдігі ішкі саясат бөліміне сұрау салдық. Мамандар жауабын күтудеміз. Ал Астана IT университеті мен Назарбаев университеті мамандары видеодағы роботқа қатысты кесіп-пішіп ештеңе айта алмады.

Шынында да, видеодағы роботтың жүрісіне қарасаңыз, қимылы мінсіз — өте икемді, еш қиындықсыз өзі баспалдақпен көтерілді. Сайлау учаскесінің ішінде де бағыт-бағдарын анық біледі. Ертіп келген әйел дауыс беріп жатқанда, ол бюллетень тастайтын жәшіктің қасында күтіп тұрды.

Әкімдік, не IT-мамандардан нақты жауап ала алмаған соң, біз роботтың фотосын кері іздеу функциясы арқылы интернеттен іздедік. Отандық телеарнадан эфирге шығатын таңғы бағдарламаға да дәл осындай робот қонаққа келген видеоны таптық. Робот қара жорға биін билейді. Бұл видеодағы костюм киген адам екенін байқау қиын емес. Оның шашы, мойын тұсындағы терісі көрініп тұр.

Референдум кезінде елді елең еткізген дәл осындай костюм киген адам болуы мүмкін. Өйткені екеуі нің сыртқы келбеті өте ұқсас, тек костюмнің мойын жағындағы элементтер өзгертілген.

Бұл роботтың елордалық ойын-сауық орталықтарының бірінде жүрген,қоғамдық көлікке мінген видеосы да табылды.

Яғни, сайлауға халатпен келген әйелдің жанында еріп жүрген — роботтың костюмін киген адам болуы мүмкін. Еске салсақ, бұған дейін Құрылтай сайлауындағы ерекше образдар туралы жазған болатынбыз.

Оқу үшін