NoFake

Елордада жалған хабарландыру арқылы 850 мың теңге жымқырған күдікті ұсталды

20251114154358299 big

Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Астанада полицейлер фотоаппаратты жалға беру туралы жалған хабарландыру арқылы 850 мың теңге иемденген 21 жастағы күдіктіні ұстады. Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы жеті алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды.

Полиция мәліметінше, күдікті интернет-платформалардың бірінде Canon маркалы кәсіби фотоаппаратты жалға беретіні туралы хабарландыру жариялаған. Оған сенген азамат техниканы жалға алу үшін алдын ала төлем жасаған.

Алайда ақша түскеннен кейін күдікті фотоаппаратты бермей, түрлі сылтаумен уақыт созған. Кейін жәбірленушімен байланысын толық үзген. Салдарынан азамат 850 мың теңгесінен айырылған.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы жеті алаяқтық дерегіне қатысы болуы мүмкін екені белгілі болды. Күдікті кінәсін мойындаған.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Жалған хабарландыруды қалай тануға болады?

Полиция интернет арқылы тауар сатып алғанда немесе жалға алғанда алдын ала толық төлем жасамауға кеңес береді. Сондай-ақ:

  • сатушының аккаунты мен байланыс деректерін тексеріңіз;
  • тауардың нақты бар екеніне көз жеткізіңіз;
  • интернеттегі пікірлерді қарап шығыңыз;
  • күмәнді сілтемелер арқылы төлем жасамаңыз;
  • бейтаныс адамға ірі көлемде алдын ала ақша аудармаңыз.

Егер сатушы тауарды көрсетпей тұрып толық төлемді талап етсе немесе асықтырып, «қазір төлемесеңіз, басқа адам алады» десе, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.

Оқу үшін