Құрылтай 2026: биылғы сайлау бұрынғылардан несімен ерекшеленеді
Фото: Aqorda
Әлеуметтік желіде осы аптада өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысты мәселе әлі де жиі талқыланады. Nofake.kz мамандардан биылғы сайлау бұрынғылардан несімен ерекшеленетінін біліп көрді.
Көпшілік пікірі қандай?
Көпшілік желіде Құрылтай сайлауы тақырыбын жиі талқылайды. Олар әсіресе «биылғы сайлау бұған дейін өткеннен сайлаудан несімен ерекшеленеді?» деген сауалды жиі қойып жатады.

Сенат пен Мәжіліс жоқ — орнына Құрылтай
Алдағы сайлау өткен сайлаулармен салыстыртырғанда, несімен ерекшеленетінін білу үшін, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына хабарластық. Институттың өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы Азамат Жансейітов биылғы Құрылтай сайлауы несімен ерекшеленетінін түсіндіріп берді.
«Алдағы Құрылтай сайлауында қазақстандықтар Сенат пен Мәжілістің орнын басқан, алғаш рет бір палаталы Парламент — Құрылтай депутаттарын сайлайды. Сайлауда 145 мандат үшін жеті партиядан 546 кандидат бақ сынайды. Бұл жолғы саяси науқан алғаш рет ұлттық теледебаттар сериясымен өтіп, интернеттегі үгіт-насихат жұмыстары нақты белгіленген ережелерге сәйкес жүргізілгенін атап өту керек», — деді маман.
Бұл сайлау неге тарихта қалады?
Институт ұсынған деректерге сәйкес, 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда қазақстандықтар жаңа Конституцияны қабылдады. Осылайша, 1 шілдеден бастап Қазақстан бір палаталы Парламентке — бес жыл мерзімге тек партиялық тізімдер бойынша (пропорционалды жүйемен) сайланатын 145 депутаттан тұратын Құрылтайға көшті.
Кімдер қатысады?
«ОСК сайлауға Қазақстан бойынша барлығы жеті партия: «Әділет», «Ауыл», «Ақ жол», ЖСДП, «Байтақ», Қазақстанның Халық партиясы мен Respublica партиялары қатысады. Amanat партиясы сайлауға қатыспайды, себебі ол «Әділет» партиясымен бірікті. Бір мандатқа шамамен 3,8 кандидаттан келеді. Сайлаушылар тізіміне 12,6 млн адам енгізілді, 10,4 мың сайлау учаскесі ашылады», — деп түсіндірлі сарапшы.
Құрылтай сайлауының өткен сайлаулардан ерекшелігі — теледебаттар сериясы
«Бұған дейінгі науқандардағы бір ғана дебаттың орнына ОСК республикалық телеарналарда партияаралық теледебаттар сериясын өткізуді мақұлдады. Алғашқы эфир 29 шілдеде өтіп, партиялар Әдеп хартиясына қол қойды. Ал, сөз сөйлеу тәртібі электронды рандомайзер арқылы анықталды, сөйтіп көрермендер онлайн дауыс берді. Осы сияқты дебаттар республикалық телеарналарда әлі де өтіп жатыр. Ескеретін жайт — партиялар эфирге қатысу шығындарын сайлау қорларынан төлейді», — деді ол.
Тағы бір жаңашылдық — үгіт жұмыстарының Цифрлық кодекске сай өткізілуі
Маманның пікірінше, бұл — сайлау туралы заңға және интернеттегі үгіт-насихатты реттейтін Цифрлық кодекске енгізілген түзетулер қабылданғаннан кейінгі алғашқы науқан. Оған сәйкес:
– онлайн-платформалар партияларға үгіт-насихат материалдарын орналастыру үшін тең жағдай жасауға міндетті және тарифтерді 18 шілдеге дейін жариялап, ОСК-ға ұсыну қажет болды;
– ақылы ілгерілету мен тапсырыспен әзірленген контент тек сайлау қорларынан қаржыландырылады; партиялардың жеке сайттары мен аккаунттары үшін шарт жасасу талап етілмейді;
– анонимді материалдарға және ағымдағы сайлау науқанына арналмаған үгіт-насихатқа тыйым салынады; ЖИ арқылы жасалған контент міндетті түрде таңбалануы тиіс;
– толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге тыйым салынады — бұл үшін 130 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.
Құрылтай сайлауы қай күні, қалай өтеді?
«Үгіт жұмыстары 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады. 22 тамыз — тыныштық күні. Дауыс беру 23 тамызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Өз сайлау учаскеңізді ОСК сервистері немесе учаскелік комиссия арқылы тексеруге болады», — деді маман.
Түйін
Биылғы Құрылтай сайлауы Қазақстанның бір палаталы Парламентке көшуімен қатар, сайлау науқанындағы бірқатар жаңашылдығымен ерекшеленеді. Партияаралық теледебаттардың сериясы, интернеттегі үгіт-насихатты реттейтін жаңа талаптар және ЖИ көмегімен жасалған контентті міндетті түрде таңбалау — биылғы науқанның негізгі ерекшеліктерінің бірі. 23 тамызда өтетін сайлауда қазақстандықтар 145 депутатты партиялық тізімдер бойынша сайлайды.


