Қазақстанда жылыту маусымына дайындықтың кеш жүріп жатқаны рас па

Фото: pixabay.com
Бүгін Үкіметте жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов облыс әкімдерінің назарын өңірлік штабтардың сапасыз жұмысына аударуын тапсырды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Бұл ретте, Премьер-министр Олжас Бектенов энергетика нысандарын жылыту маусымына дайындауды жеделдетуді тапсырды.
«Жылыту маусымының басталуына шамамен бір ай уақыт қалды. Солтүстік өңірлерде дайындық жұмыстарын аяқтау мерзімі бұдан да шектеулі. Сондықтан жөндеу науқанын уақтылы аяқтау үшін жұмыс қарқынын арттыру қажет», — деді ол.
Сондай-ақ, ол бірқатар өңірлерде жөндеу мерзімдерінің кешігу қаупі бар екенін атап өтті.
«Мәселен, осындай тәуекелдер Көкшетау, Теміртау, Жезқазған қалаларында орын алып отыр. Сондай-ақ Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жылу желілерін жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр», — деді ол.
Сондай-ақ энергетика нысандарын қысқы кезеңге дайындауға жауапты өңірлік штабтардың жұмысына назар аударылды.
«Энергетика нысандарын қысқы кезеңге дайындауға жауапты Өңірлік штабтардың жұмысына назар аударамын. Бірқатар өңірлерде олар есептік көрсеткіштерді тыңдаумен ғана шектеліп отыр. Жылыту маусымына дайындық барысына бұлайша салғырт қарауға болмайды. Атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, нақты шешімдер қабылдау қажет», — деп атап өтті ол.
Үкімет басшысы мәселені қарау барысында энергетика министрлігіне жөндеу науқаны мерзімдерінің сақталуын бақылауды қамтамасыз ету тапсырды. Айта кетейік, бүгін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов желіде тараған бензин сапасының төмендеуіне қатысты жауап берген еді.

