Энергетика саласындағы тариф саясаты инвесторларға кедергі келтіре ме

Фото: Freepik.com
ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Асылжан Мусин «энергетика саласындағы тариф саясаты инвесторларды тартуға кедергі келтіре ме?» деген сауалға жауап берді. Ведомство өкілінің айтуынша, бүгінде мұндай мәселе орын алмаған, деп хабарлайды Nofake.kz.
Асылжан Мусиннің сөзінше, еліміздегі энергетика саласындағы тариф саясатына байланысты инвесторлар келмей қалған, я болмаса жобадан бас тартқан жағдай тіркелмеген.
«Қолданыстағы электр энергетикасы саласындағы заңнамада электр қуаты нарығының механизмдері бекітілген. Ол қолданыстағы электр станцияларын жаңғыртуға да, жаңа электр станцияларын салуға инвестициялар тартуға бағытталған. Қазіргі таңда инвестор келіп, жобалар ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр», — деді ол.
Оның сөзінше инвесторлар өздері жобаға деген қызуғышылық болмаған жағдайда ғана, одан бас тарта алады.
«Десе де, қазіргі қолданыстағы механизм бізге жоба ойдағыдай аяқталмаған жағдайда, инвестицияларды түгелдей қайтаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазір бізде тәуелсіз сарапшылар бар. Олар жобаның техникалық, экономикалық тиімділігіне баға береді. Егер сарапшы мұндай жобаны қажетті деп санаса, ол одан кейін уәкілетті органның қарауына жіберіледі», — деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, маман Қазақстан бойынша жаңа электр станцияларын салу мүмкіндіктері туралы да айтып берді.
«Біз онда қай өңірлерде, қандай станция салу мәселесін бекіткенбіз. Тиісінше, біз бұл қызметті аукцион арқылы жүргіземіз. Яғни, алдымен аукцион жариялаймыз, сосын хабарландыру жасап, барлық инвесторлардың өтініштерін қараймыз. Нәтижесінде, ең төмен бағаны кім ұсынады, сол инвестор жеңетін болады», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін Үкіметте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланған еді. Сонымен бірге, энергетика министрі елдегі бензин сапасына қатысты шағымдар туралы пікір білдірген.

