NoFake

Қазнеттегі шу: мұсылмандар немере қарындасқа үйлене береді деген рас па

Коллаж: NoFake.kz

Қазнетте «Енді мұсылмандар немере қарындасына үйлене алады» деген мазмұндағы жазба қызу талқыланып жатыр. Жазба авторлары бұл пікірді әлеуметтік желіде 70 мыңнан астам оқырманы бар, Ақтөбе медресе колледжі ұстазы тікелей эфирде мәлімдегенін алға тартқан.

NoFake.kz. редакциясы ислам діні тұрғысынан аталған пікір қаншалықты негізді екенін зерттеп көрді.

Скрин: Әлеуметтік желідегі жазба мен тікелей эфирден

«Пікір контексттен бұрмаланып алынған»

Даудың басы заңгер, «Ақтөбе медресе колледжі» ЖМ ұстазы Данияр Кенжеұлының Instagram желісіндегі тікелей эфирінен басталған. Алайда, ұстаздың өзі бұл ақпаратты бірден теріске шығарды. Ол өз сөзінің контекстен жұлынып, бұрмаланғанын мәлімдеді.

«Сөзімді бұрмаламаңыздар! Жеті атаға дейін қыз алыңдар, болады деген сөзім еш жерде жоқ. Керісінше, мен қарсымын дегенмін!», — деп жазды ол өз парақшасында.

Данияр Кенжеұлы болған оқиғаның мән-жайын өзінің парақшасына арнайы  түсіндірген.

«Осыдан екі күн алдын атеистік ұстанымда жүрген Ысқақ есімді азамат менің TikTok эфиріме кіріп, провокациялық сұрақ қойды: «Сендердің діндеріңде, шариғаттарыңда жеті атаға дейін қыз алысуға рұқсат бар екен. Сен осыған діни тұрғыда қандай жауап бересің?» деді. Бұл жерде мен діни тұрғыдан және де қазақылық тұрғысынан жауап бердім. Нақты өзімнің позициямды айттым: мен жеті атаға дейін қыз алысуға қарсымын дедім. Бұл нақты эфирде сақталып тұр», — дейді ол.

 Расымен, тараған видеода ұстаз «Мен бөлемді алуға қарсымын» деп нақты айтады.

Бұған ҚМДБ не дейді

Редакциямыз бұл мәселеге қатысты ҚМДБ пәтуа бөліміне жүгінді. Бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейітбековтің пікірінше, шариғатта негіз болғанымен — қазақ халқының бұл мәселеде өз ерекшелігі бар.

«Қасиетті Құран Кәрімде мұсылман баласына Алла Тағала кімдермен үйленуге болмайтыны жайында нақты баяндап өткен. Сондықтан да біздің бабаларымыз ислам дінін қабылдағаннан кейін барып, сол Құранның, шариғаттың негіздері мен дәстүрін ұштастыра отырып, өзіндік бір ережені қалыптастырған. Сол себепті қазақ халқы жеті атаға дейін үйленуге өз арасында тыйым салған», — дейді Смайыл Сейітбеков.

Оның айтуынша, бұл қағиданың медициналық әрі тарихи негізі бар.

«Бұдан біз қалай сақтанамыз деген мәселе болған кезде, біздің бабаларымыз Жәнібек ханның шешіміне сәйкес «жеті атаға дейін үйленуге рұқсат жоқ» деген шешім шығарады. Содан бастап қазақ халқы басқа мұсылман елдерінен ерекшеленетін өзінің осы ұстанымы бар. ҚМДБ осы ұстанымда»,- деп нақты жауап берді.

Төрелер неге ерекшеленді

Даулы жазба аясындағы тікелей эфир барысында белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаевтың «Жеті жарғы – мемлекет және құқық ескерткіші» атты кітабында «Төре тұқымының некеде жеті ата тәртібін сақтау шарт емес» деген сөйлем талқыланған. Біз тарихшының өзіне хабарластық.

«Жеті ата тәртібі төрелерге ғана емес, қожаларға да міндетті болмаған. Бұл – олардың әлеуметтік және саяси статусына байланысты. Өз мәртебесін сақтау үшін олар көбіне өзара қыз алысып, қыз берген», – дейді тарихшы.

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе XIX ғасырдың ортасына дейін сақталған.

«Жеті ата тәртібін сақтау төрелерге ғана емес, қожаларға да шарт емес. Бұлар саяси жағынан да, этникалық-әлеуметтік жағынан ерекше статусқа ие. Қазақ қоғамы бәрі бірдей болатын эгалитарлық қоғам емес. Сол статусты сақтап қалу үшін, өзге халықпен қатты араласа қоймайды. Сондықтан да төрелердің, қожалардың өз ішінен қыз алысу, қыз беру орныққан дәстүр болды және XIX ғасырдың ортасына дейін сақталды», — дейді тарихшы.

Қорыта айтсақ, діни ұстаз немере қарындаспен некені насихаттады деген ақпарат – жалған. Маманның сөзі контекстен жұлынып, бұрмаланған. Ал ҚМДБ мен қазақ дәстүрі жеті атаға дейін қыз алысуға қарсы. Тарихтағы төрелер мен қожаларға қатысты ерекшеліктер жалпы қоғамға ортақ норма емес, сол кезеңнің әлеуметтік жүйесіне байланысты болған.

Оқу үшін