NoFake

Таяу Шығыстағы дағдарыс: Қазақстан босқындар толқынына дайын ба

Фото: MidJourney

Таяу Шығыстағы соғыс қаупі Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Сарапшылар мен СІМ аймақтағы шиеленістің ықтимал салдарына, соның ішінде миграциялық тәуекелдерге баға берді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Әлеуметтік желілерде Ираннан қашқан босқындар Каспий теңізі арқылы Қазақстанның батыс өңірлеріне ағылуы мүмкін деген түрлі болжамдар мен қауесеттер тарап жатыр. Осы ақпарат аясында еліміздің ықтимал гуманитарлық сценарийлерге қаншалықты дайын екеніне талдау жасадық.

Шиеленістің түпкі себебі неде?

Саясаттанушы, PhD докторы Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, қазіргі эскалацияның негізгі факторы – Иранның ядролық бағдарламасы.

«Иран мен АҚШ, Израиль арасындағы шиеленістің түпкі себебі – Иранның ядролық бағдарламасы және баллистикалық зымырандарды дамытуы. Иранның уран байытуын 60 пайызға дейін арттыруы Израиль мен Батыс елдерінің алаңдаушылығын тудырды. Сондықтан бұл жердегі эскалацияның негізгі факторлары осы ядролық қаруды дайындау бағдарламасына байланысты болып отыр», — дейді сарапшы.

Босқындар мәселесі: Каспий арқылы ағын келуі мүмкін бе?

Майгелдинов Ираннан босқындар Каспий теңізі арқылы Қазақстанға келуі мүмкін деген сценарийдің ықтималдығы төмен деп есептейді.

«Иранның халқы 90 миллионнан асады. Соғыс ұзаққа созылса, халықтың елден кету үрдісі басталуы мүмкін. Бірақ негізгі бағыттар ретінде Түркия, Пәкістан және Әзірбайжанды алуға болады. Каспий арқылы өту мәселесінде географиялық кедергілер бар. Тікелей паромдар жүрмейді және өту мүмкіндіктері аз. Сондықтан Қазақстанға ағынның келу мүмкіндігі соншалықты жоғары емес», — деп түсіндірді саясаттанушы.

Үкімет отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев та әзірге мұндай қауіптің белгілері жоқ екенін мәлімдеді.

«Бұл – Иран Ислам Республикасының азаматтары. Этникалық қазақтардан ресми өтініштер түскен жоқ. Бірақ бізде тиісті хаттамалар бар. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде қандай жұмыс жүргізу керектігін әрдайым біледі», — деді вице-министр.

Қазақстанның дайындығы: Құқықтық міндеттемелер

Халықаралық құқық бойынша Қазақстан БҰҰ-ның Босқындар конвенциясына қатысушы ел ретінде белгілі бір міндеттемелерге ие. Қазбек Майгелдиновтің бағалауынша Қазақстанның босқындарды қабылдауға құқықтық базасы бар. Біз босқындарды қабылдауға халықаралық деңгейде міндеттіміз. Бірақ оған инфрақұрылымдық дайындық деңгейіміз орташа.

«Дегенмен жаппай босқындарға арналған лагерьлер, немесе басқа босқындарға қаржылық тетіктер толыққанды тетіктер қарастырылмаған. Бұл мәселені әлі болса да дамыту қажет болады», — дейді саясаттанушы. 

Қазақстан билігі де, сарапшылар қауымы да жағдайды жіті бақылап отыр. Ресми Астана қақтығысушы тараптарды келіссөзге шақырып, кез келген гуманитарлық сценарийге мемлекеттік деңгейдегі хаттамалар бойынша әрекет етуге дайын екенін білдірді.

«Қазақстан үшінші мемлекеттердің ісіне араласпау позициясын ұстанған, ұстанады және ұстана береді. Сондықтан бұл жағдайда біз ешқандай тарапты жақтамаймыз. Біз Иранның да, шабуылға ұшыраған елдердің де жағында емеспіз. Шешім дипломатиялық үстел басында табылуы тиіс», — деді вице-министр Әлібек Бақаев.

Айта кетейік, ақпан айының соңындаТаяу Шығыстағы жағдай күрт шиеленісіп, аймақтық қауіпсіздік мәселесі халықаралық күн тәртібінің басты тақырыбына айналған болатын. Бүгінгі таңда әлем назары АҚШ, Израиль, Иран қарым-қатынасына ауып отыр.

Оқу үшін