NoFake

Алаяқтар еліміздегі қарттарды қалай алдайды

Врачи, глачи, 3.jpg

Фото: Коллаж nofake.kz/

Қазақстанда киберқылмыс пен интернет-алаяқтық деңгейі жыл сайын өсіп келеді, ал негізгі нысана – заманауи технологияға бейімделмеген зейнеткерлер. nofake.kz/ қарияларды алаяқтар қалай алдайды және оларды қорғау үшін сақтану ережелерін ұсынады.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, жәбірленушілердің басым бөлігі – 60 жастан асқан зейнеткерлер. Қылмыскерлер қариялардың сенгіштігін пайдаланып, жыл сайын миллиардтаған теңгені жымқырып кетеді. Мысалы, жуырда ғана Петропавл қаласында бір зейнеткер алаяқтардың құрығына түсіп, 13 млн теңгесінен айырылған.

Алаяқтардың жиі қолданатын әдістері

Алаяқтардың айласы таусылмайды. Олар көбіне мынадай психологиялық тұзақтарды құрады: «Жақыныңыз апатқа ұшырады», «Балаңыз жол апатына себепкер болды» немесе «қамауға алынды» деген суыт хабармен зейнеткерді есеңгіретіп, мәселені шешу үшін «дропперлер», яғни «жалған курьерлер» арқылы ақша сұратады.

Ресми мекеме атын жамылу: Өздерін «Қазақтелеком», «ҚазАтомПром», «Астана-жарық», банк немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкеріміз деп таныстырады. Тіпті бейнеқоңырау арқылы ресми форма киіп, жалған куәлік көрсетуі мүмкін.

Зейнетақы мен медициналық көмек: «Зейнетақыңызды қайта есептейміз», «тегін дәрі-дәрмек береміз» немесе «цифрлық теңгеге айырбастау керек» деген сылтаулармен қарттардың жеке мәліметтерін (ЖСН, СМС-код) біліп алады.

Жалған инвестиция: «Мемлекеттік бағдарлама» аясында ақшаңызды екі еселейміз деп, қариялардың өмір бойы жинаған қаражатын тартып алады.

Маман кеңесі: Эмоцияға бой алдырмаңыз

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығы Бейбіт Біржанов күмәнді қоңырау түскен кездегі алғашқы әрекеттің қандай болуы керектігін айтып берді.

«Ең бірінші жақыныңызбен тікелей байланысқа шығу керек. Ақпаратты растамай тұрып, ешқандай ақша аударып немесе қаражатқа қатысты әрекет жасамаңыз. Кез келген суыт хабарды салқынқандылықпен тексеру қажет», — дейді маман.

Жаңа сақтану әдісі: «Отбасылық құпия сөз»

Қазіргі таңда алаяқтар нейрожелілер (AI) арқылы жақын адамның дауысын айнытпай салуды меңгерген. Сондықтан мамандар әр отбасына «кілтті сөз» (пароль) енгізуді ұсынады. Күмән туған жағдайда, өзара келісілген құпия сөзді немесе тек екеуіңізге ғана мәлім оқиғаны сұраңыз. Егер хабарласқан адам бұл сөзді білмесе, демек ол – алаяқ.

Қорыта келе, nofake.kz/ Қауіпсіздіктің 5 негізгі ережесін ұсынады:

Врачи, глачи, 4.jpg
Иллюстрация: nofake.kz/

Технология дамыған сайын қауіп те артады. Қарттарымызды қорғаудың ең жақсы жолы – олармен жиі сөйлесу, алаяқтардың әдістерін түсіндіру және «кілтті сөздерді» бекіту.

ҚР ІІМ мәліметінше, 2025 жылы елімізде 65 млрд теңге алаяқтарда кеткен. Оның тек 4 млрд тг қайтарылған.

Оқу үшін