NoFake

Күнбағыс майы ағзаны улай ма: Мамандар не дейді

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желілерде күнбағыс майы зиян, адам ағзасын улайды деген пікірлерді жиі кездестіруге болады. NoFake.kz бұл пікірдің ғылыми негізі бар ма деген сұраққа сарапшылармен бірге жауап іздеді.

Бұл туралы Астана медицина университеті жанындағы Академик Е. Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, нутрициология магистрі Жанна Нұрбергеннен пікір сұрадық.

«Күнбағыс майы ағзаға өте пайдалы. Алайда оның тек «суық сығымдалған», яғни, тазартылмаған түрі. Өйткені оның құрамында майда еритін дәрумендер, Омега-3, Омега-6 сияқты май қышқылдары бар. Бірақ көп жағдайда ел ішінде тазартылған (рафинированное) түрі пайдаланылады. Ондай майдың құрамында пайдалы дәрумендер болмайды, яғни ол жай ғана майлы масса саналады», — дейді нутрициолог.

Маман кокос, какао, гхи майларынан өзге өсімдік майларын қыздыруды, қуыруды жөн көрмейді. Өйткені бұл майлардың термотұрақтылығы өте төмен екен. Яғни ол қуырылған жағдайда құрамындағы заттар адам ағзасы үшін зиянды бола бастайды.

«Дұрыс тамақтануды асханадағы майдан бастау керек» — нутрициолог

«Өсімдік майларын, оның ішінде күнбағыс майын 120 градустан артық қыздырған, күйдірген кезде құрамындағы заттар канцерогендерге айналып, адам ағзасына зиянын тигізеді. Біздің Кеңес үкіметінен қалып қойған асханадағы әдет – рафинирленген  өсімдік майларын тұтыну. Мен дұрыс тамақтануды бастағысы келетін адам асханадағы майдан бастауы керектігін жиі айтамын», — дейді маман.

Ал тазартылған күнбағыс майын дайын тамақтарға, салаттарға қоса беруге болады. Күнделікті ас әзірлеуде дәрігер кезіндегі әжелеріміздің қолданған тоң майын, қаздың майын пайдаланған дұрыс екенін айтады. Өйткені жануарлар майы қаншалықты қайнатылса да, зиянды токсиндер бөлмейді.

«Өсімдік майлары қуыруға жарамаса, тамақты қандай майға пісірген жөн деген сұрақ туындайды. Қазіргі таңда ас әзірлеуде қолдануға болатын өте пайдалы майлар көп. Термотұрақты майлар, яғни жоғары температурадан қорықпайтын майлар – ол жануарлардың майы. Ондай май түрлеріне тауықтың, қаздың, жылқының майлары, құйрық май, тоң май, іш май жатады. Оларды қанша градуста қыздырса да, бүлінбейді», — дейді маман.

Ал күнбағыс майының асқазан-ішек жолдары мен бауырға әсері қандай?

Бұл сұраққа жауапты  редакциямыз Астана медицина университетінің №2 отбасылық медицина кафедрасының доценті Меруерт Жақыпбековадан сұрады.

Маманның айтуынша күнбағыс майы өтті сұйылту әсеріне ие. Ол өт айдалуының функционалдық бұзылыстары бар емделушілерге пайдалы. Тек ағзада «тас» болмауы керек.

«Өт-тас ауруы кезінде тастардың қозғалу қаупі жоғары. Бұл бауыр шаншуы (колика) ұстамасына және шұғыл хирургиялық ота қажеттілігіне әкелуі мүмкін. Тассыз холецистит кезінде ауырсыну сезімін күшейтіп, дәрі-дәрмектік емді қажет етеді. Панкреатит кезінде май ұйқы безіне жүктемені арттырып, аурудың асқынуын тудырады», — дейді маман.

Асқазан шырышты қабығы және қуырылған өнімдер

«Күнбағыс майына қуырылған өнімдерді тұтынғанда асқазанның шырышты қабығында қандай процестер жүреді? Гастриттің асқыну қаупі бар ма?» деген сауалға маман май қыздырылғандағы тотығу үрдісін сипаттап берді.

«Қуыру кезінде майлардың тотығу өнімдері түзіледі:

Альдегидтер (цитотоксикалық және генотоксикалық): генетикалық мутацияларды, хромосомалардың үзілуін немесе қайта құрылуын тудырады және қатерлі ісік тудыру әлеуетіне ие.

Полярлы қосылыстар мен липидтердің ыдырау өнімдері:  мұндай қосылыстар ішектің шырышты қабығын зақымдап, сіңіру процесін бұзады. Гастрит кезінде қабыну процесінің күшеюі, майдың әсерінен асқазанның босау процесі баяулауы мүмкін», — дейді Меруерт Жақыпбекова.

Яғни гастриттің асқыну қаупі бар, бірақ бұл майдың өзінен емес, оның қатты қызуынан түзілетін өнімдерден болады.

Майлы астан кейінгі ауырлық сезімі

«Май асқазанның босауын баяулатады.  Қуыру кезіндегі тотығу өнімдері ас қорыту жолдарына жүктемені арттырады. Яғни қайнатылған майлы ас ішкенде – ауырлық майдың мөлшерінен болады. Қуырылған ас тұтынғанда  бұған қоса токсикалық компоненттер қосылады», — дейді маман.

Ал күнбағыс майының қабыну қаупін тудырмайтын, бірақ қантамырлар мен теріге пайда әкелетін тәуліктік мөлшері қандай? деген сауалға маман майлар адам тұтынатын тағамның белгілі бөлігінен аспауы тиіс деп жауап берді.

«Майлар тәуліктік рацион калориясының 20–35%-ын құрауы тиіс.

 Өсімдік майлары — осы көлемнің бір бөлігі. Тәулігіне 10–20 г (1–2 ас қасық) – қауіпсіз диапазон. Бұл мөлшер: ағзаны қанықпаған май қышқылдарымен қамтамасыз етеді. Артық калория жинауға әкелмейді. Бауыр мен өт қабына артық жүктеме түсірмейді», — дейді ол.

Ал қатты қыздырылған майды жүйелі түрде қолдану, жалпы рационда майдың шамадан тыс көп болуы адам ағзасына зиянын тигізуі мүмкін.

Сонымен, күнбағыс майы өздігінен зиян емес. Оның тазартылған, яғни рафинирленген түрін 120 градустан артық қыздырғанда ғана ол қауіпті. Сондықтан, ас әзірлеуде жануарлар майын пайдаланған жөн.

Оқу үшін