Тур сатып алар кезде қандай құжаттарды тексеру қажет- Министрлік түсіндірді

Фото: depositphotos
Тур сатып алар алдында қандай құжаттарды тексеру керек? Туризм және спорт министрлігі туристерге тур рәсімдеу кезінде мән беру қажет негізгі құжаттар мен қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министрлік мәліметінше, тур сатып алмас бұрын турагенттің ресми тіркелгенін тексеру қажет. Компания мемлекеттік электронды тізілімде болуы тиіс. Бұл оның заңды түрде қызмет көрсететінін растайды.
Сондай-ақ туристік қызмет көрсету туралы шартқа ерекше назар аударған жөн. Құжатта сапар мерзімі, турдың толық құны, төлем тәртібі, турдан бас тарту талаптары және қаражатты қайтару шарттары нақты көрсетілуі керек.
«Тек ресми рәсімделген құжаттар мен заңды төлем ғана туристің құқықтық қорғалуына кепіл болады», — деп ескертті министрлік.

Мамандар төлем жасағаннан кейін міндетті түрде фискалдық чек талап етуге кеңес береді. Қаражатты менеджерлердің жеке шоттарына аудармаған дұрыс. Себебі ресми чек қана мәміленің жасалғанын дәлелдей алады.

Бұдан бөлек, тур толық төленгеннен кейін туристке ваучер, әуе билеті, сақтандыру полисі және туркод берілуі тиіс. Туркод — туристердің құқықтарын міндетті кепілдендіру жүйесіне енгізілгенін растайтын маңызды құжаттардың бірі.
Министрлік төтенше жағдай туындаса, «Туристік Қамқор» жүйесінің жедел желісіне хабарласуға шақырды: +7 700 112 2 112.


