Кредит бойынша кепілгер болу: нені білу маңызды

Фото: Gov.kz
Кредит бойынша кепілгер болатын адам бірқатар тәуекелдер мен қаржылық жауапкершілік алады. Осыған орай Nofake.kz неге көңіл бөлу қажет екенін еске салады.
Кепілгер деген кім?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес — кепілгер борышкердің банк алдында кредит бойынша мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе iшiнара қосалқы жауап беруге мiндеттенетін адам.
«Яғни, егер қарыз алушы қарызды өтей алмаса, онда банк кепілгерге талап қояды және оның бас тартуға құқығы болмайды. Өз кезегінде, қосалқы жауапкершілік кепілгерден өсімпұлдар, айыппұлдар мен комиссиялар төлеуді талап ете алмайтынын білдіреді, өйткені ол кепілгерлікте көрсетілген сома шегінде ғана борышкерге жауап береді», — деп түсіндірген агенттік.
Одан бөлек, агенттік банктің кепілгерге қарызды өтеуге бірден жүгінуге құқығы жоқ екенін еске салады.
«Яғни, банк азамат кредитті төлеуі үшін барлық заңды мүмкіндіктерді пайдалануға, содан кейін ғана кепілгерден талап етуге міндетті. Кепілгер кез келген адам қарыз алушының танысы да, жақын туысы да бола алады. Ең бастысы — ол Қазақстанның азаматы болуы тиіс және оның елде тұруға ықтиярхаты болуы тиіс», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, кепілгерді несиені қоса алушы (ред. созаемщик) адаммен шатастырмау керек. Кепiл болатын адам қарыз алушымен бiрге мерзiмi өткен кезде, кредитті өтеуге, банкке комиссия, тұрақсыздық төлемі мен сот шығындарын өтеуге мiндеттеледі. Бұл ретте оның табысы несиенің ең жоғары сомасын айқындау кезінде ескерілмейді.
Бірақ несиені қоса алатын адам кредит шартының толыққанды қатысушысы болып табылады. Ол кредиттің өтелуіне жауап береді және оның кірісі несие алушының кірісіне қосылып, сол арқылы кредит сомасының артуына әсер етеді.
Кепілгер болудың қандай тәуекелдері бар?
Банк несие алушының төлем қабілеттілігі жеткіліксіз болғанда немесе кредит тарихы нашар болған жағдайда ғана, азаматтардан кепілгер табуды сұрайды. Мұндай талап кез келген адамды күмәндандыруы мүмкін. Сол себепті, кепілгер ретінде күйеуіңізді немесе әйеліңізді немесе ата-анаңызды қойған жөн. Өйткені, өзге адамдар мұндай тәуекелге бармауы мүмкін.
«Егер кредит алған адам оны уақытылы төлесе, онда кепілгерде ешқандай қиындық туындамайды. Дегенмен, борышкердің табысы төмендеп, төлеу мерзімі өтіп кетсе және т.б. жағдай туындаса, онда банк кредит бойынша қарыздың қалған бөлігін өтеуді талап етіп, кепілгерге жүгінеді. Тіпті одан берешекті сот тәртібімен өндіріп ала алады», — делінген хабарламада.
Егер банк кредит сомасын немесе пайыздық мөлшерлемені өсірсе, кредит кепілгерді ескертпестен және басқа қарыз алушыға келісімінсіз қайта ресімделсе, банк кепілгерге кешіктірудің басталғаны туралы уақытылы хабарламаса ғана жоғарыдағы шарттар қайта қаралуы мүмкін.
«Кепілдік мерзімі аяқталып не қарыз алушы бәрін өзі төлесе, бірақ банк әлі де кредит бойынша төлемді талап етсе, бұл жағдайда азаматтар заңгерлерді тартып, мәселені сот арқылы шеше алады», — делінген ведомство хабарламасында.
Агенттік кепілгерлік — қосымша кредит жүктемеcі екенін ескертеді және адамға несие алу қажет болған жағдайда, оған кепілгер болғаны үшін несие беруден бас тартылуы мүмкін екенін еске салады. Сол сияқты қарыз алушы немесе кепілгер кредит бойынша қарызды өтей алмаса, бұл оның кредиттік тарихын бұзатынын және оны қалпына келтіру үшін жылдар қажет болатынын естен шығармаған жөн.


