NoFake

Мұқаев дауы: Мемлекеттік атрибутиканы жеке мерекеде қолдануға бола ма

Мәжіліс депутатының жұбайын ресми стильдегі папкамен құттықтауы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Талқының өзегі — құттықтаудың мазмұны емес, мемлекеттік символикаға ұқсас атрибутиканың жеке мерекеде қолданылуы.

NoFake.kz заңгерден мұндай әрекеттің құқықтық және этикалық жағын сұрап көрді.

Скрин әлеуметтік желідегі видеодан

«5000 теңгелік» ресми құжат

Депутаттың айтуынша, бұл папка мемлекет есебінен емес, өз қаражатына дайындалған.

«Шыны керек, мұндай нәрсені біз өзіміз сатып алып, жасатамыз. 5000 теңге тұрады. Өзіміз мәтінін жазып, ресми іс-шараларға алып барамыз», — дейді халық қалаулысы.

Депутат видеода бұл қадамға жұбайының бірнеше жылғы өтінішінен кейін барғанын және Парламенттің тарауы алдында осы бір «гештальтты» жабуды ұйғарғанын жеткізеді.

Анықтама: Құттықтау папкасы (немесе Адрестік папка) – Мемлекеттік органдарда марапаттау немесе ресми тілек айту кезінде қолданылатын бұйым.

Заңгер Назар Абиновтің айтуынша, жеке сипаттағы құттықтау заң бұзушылық болып саналмайды.

«Депутат Парламент атынан құттықтау айтып жатқан жоқ. Құттықтау – жеке сипатта, Парламент атынан құттықтау туралы тікелей мәлімдеме жасалмаған. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын немесе Парламент нышандарын заңсыз пайдалану ретінде саралану ықтималдығы төмен. Оның үстіне, ол бұл бұйымды ашық дереккөздерден сатып алғанын және буклеттің 5 000 теңгеге сатылатынын көпшілік алдында мәлімдеп отыр», — дейді маман.

Маман мұндай әрекетті көбіне ішкі хаттама мен саяси-этикалық бағалауға жататын мәселе екенін алға тартты.

«Қазақстан Республикасының Парламенті өкілдік атрибутиканы пайдаланудың әдептілігі немесе орындылығы мәселесін іштей қарастыруы мүмкін, бірақ бұл айқын әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамы емес, көбіне ішкі хаттама мен саяси-этикалық бағалауға жататын мәселе», — деп жауап берді заңгер.

Депутаттың пікірі

Депутаттың өзі Елтаңбаның суретін алғыс хатта пайдалану ешқандай құқық бұзушылық әрекет ретінде қарастырылмайтынын айтты.

«Бұл ешқандай регламенттен асу немесе құқықбұзушылыққа сәйкес келмейді бұл мәселе. Егер де Парламенттің ресми бланкі падаланылатын болса ғана, ол сіз айтқандай әдеп комитетінде қаралатын шығар. Ал енді Елтаңбаны біз түрлі мақтау қағазы, алғыс хаттардан да оның суретін байқап жүрміз», — деп жауап берді.

Мәжіліс — еліміздің ең жоғары заң шығарушы органы. Оның аты туған күндегі тілек жазуға пайдаланылғанын желі қолданушылар мемлекеттік институттың салмағын жеңілдеткендей бағалаған.

Скрин әлеуметтік желідегі пікірлерден

Бұл жағдай қоғамда мемлекеттік символикаға деген сезімталдықтың жоғары екенін көрсетті. Заң тұрғысынан құқықбұзушылық белгілері анық байқалмағанымен, желідегі пікірталас мемлекеттік институттардың символдық салмағы мен оларды қолдану этикасы туралы сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды.

Оқу үшін