Жалған тур алған қазақстандықтар Мысырда қонақүйсіз қалған

Фото: Depositphotos
Мысырға демалуға барған қазақстандықтар қонақүйге жеткенде жалған тур сатып алып, алаяққа алданғандарын білген, деп хабарлайды NoFake.kz.
Кейін белгілі болғандай, туристік агенттікке қатысты алаяқтық схемасының құрбаны болған азаматтардың жалпы шығыны шамамен 15 миллион теңгені құраған.
«Өткен жылдың наурыз айында 52 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, 2025 жылдың қаңтарында белгісіз әйел алдау арқылы шамамен 7 миллион теңгесін иемденген. Тергеу барысында жәбірленушінің Мысырға жолдаманы туристік агенттік арқылы сатып алғаны анықталды. Ұшуға дейін тур-агентпен байланыс үзілмегендіктен, клиенттер ешқандай күмәнданбаған. Алайда қонақүйге келгенде олардың атына бронь жасалмағаны белгілі болған»,- деп хабарлады полиция.
Демалушылар агентке хабарласқанда, ол жағдайды «техникалық қателікпен» түсіндіріп, мәселені шешу үшін қосымша ақша төлеуге көндірген. Әйел кейін қаражатты қайтарып беремін деп уәде еткен. Бірақ Қазақстанға оралғаннан кейін туристер ақшаларын ала алмаған.
Кейін полицияға тағы төрт азамат дәл осындай арызбен жүгінген. Жалпы шығын көлемі шамамен 15 миллион теңгеге жеткен.
Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті ретінде 41 жастағы жергілікті тұрғынды анықтаған. Қазір оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Полиция азаматтарды туристік жолдама сатып аларда сақ болуға және тек ресми тіркелген, сенімді туристік агенттіктерге жүгінуге шақырды.


