Кәсіпкерлерге арналған жаңа алаяқтық: «e-Salyq жүктеңіз» деп алдайды

Фото: Depositphotos
Threads-те өзін Мемлекеттік кірістер комитетінің маманы ретінде таныстырып, кәсіпкерді қорқыту арқылы деректерін иемденгісі келген алаяқ туралы жазба тарады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Желі қолданушысының айтуынша, белгісіз әйел хабарласып өзін мемлекеттік орган өкілімін деп таныстырған және шұғыл түрде мобильді қосымша орнатуды талап еткен.
«Маған бір әйел хабарласып, өзін ҚР МКК-ненмін деп таныстырды. Айтуынша, мен әр екі жыл сайын қызмет түрімді растап отыруым керек екен. «Е-Salyq қосымшасын жүктеңіз, әйтпесе ертеңнен бастап қызметіңіз тоқтатылады» дейді. Мен: «Бүгін демалыс қой, ҚР МКК деген мекеме жоқ (МКК МҚ — ред.), қай заңда растау керек деп жазылған?» деп сұрадым. Ол: «Ештеңе білмеймін, бүгін сағат алтыға дейін істеңіз» деп жауап берді. Нөмірді бұғаттап тастадым. Отырып ойланып қалдым: бұл алаяқтықтың жаңа түрі ме, ол менен не қалады?» — деп жазды автор.
Бұл жазбаның астында өзге де кәсіпкерлер ұқсас қоңыраулар алғанын айтып, пікір қалдырған. Алаяқтардың басты мақсаты — зиянды сілтемелер арқылы жеке деректерге немесе банк шоттарына қол жеткізу.

Мемлекеттік кірістер комитеті не дейді
Аталған жағдайға байланысты NoFake.kz редакциясына Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Гүлжан Калменова ресми түсініктеме берді.
«Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай қоңыраулар шалмайды, телефон арқылы мобильді қосымшаларды орнатуды, растау кодтарын, банк картасының деректемелерін, ЭЦП кілттерін, парольдерді беруді немесе бөгде сілтемелерге өтуді талап етпейді», — деп атап өтті Гүлжан Калменова.
Айта кетейік, салыққа қатысты кез келген ақпаратты тек ресми kgd.gov.kz сайтынан немесе ресми e-Salyq Business қосымшасы арқылы тексеруге болады.


