Қазақстандағы ең көп тараған 3 алаяқтық схемасы қандай

Иллюстрация: nofake.kz/
Қазақстанда интернет-алаяқтық құрбандарының саны азаймай тұр. ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Басқарма бастығы Бейбіт Біржанов ең танымал 3 схеманы атады, деп хабарлайды nofake.kz/
1-схема: СМС-код және психологиялық қысым
Бұл әдіс халық арасында ең көп тараған. Алаяқтар адамға психологиялық қысым жасау арқылы жеке деректерін біліп алады.
«Ең бастапқы сәтте біздің азаматтарымызға СМС-ті сұрату мәселесі келеді. Яғни кез келген сервистен СМС келіп, сол СМС-кодты хабарлауды сұрайды. Азаматтарымыз кодты хабарлағаннан кейін өз әрекеттеріне күмән туындайды да, кейін он минут ішінде банк қызметкері немесе құқық қорғау органдары қызметкерінің атынан қоңырау шалып: «Сіздің есепшоттарыңызда күмәнді белсенділік байқалып отыр, несие рәсімделіп жатыр» деп хабарлайды», — дейді Бейбіт Біржанов.
2-схема: «Жылдам табыс» тұзағы
Әлеуметтік желідегі «ақшаны еселеп береміз» деген уәдеге сенгендер жинақтарынан айырылады.
«Азаматтарымыз әлеуметтік желілерде ақшаны қысқа мерзім ішінде еселеу туралы тиімді ұсыныс алданып, өз ақшаларын депозиттен алып немесе несие рәсімдеп, белгісіз азаматтардың шоттарына аударады», — дейді маман.
3-схема: Интернет-саудадағы алдау
Басқарма басышысының айтуынша алаяқтықтың кең тараған үшінші әдісі онлайн сатып алу кезіндегі сақтықтың жоқтығына негізделген.
«Үшінші әдіс — интернет-дүкендердегі алдау. Сатып алушы тауардың ақшасын толық төлегенімен, соңында затын ала алмай, алаяқтардың құрығына түседі», — дейді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.
Айта кететін жайт, ресми органдар ешқашан телефон арқылы СМС-код сұрамайды және ақшаңызды басқа шотқа аударуға мәжбүрлемейді. Кез келген күмәнді қоңырау кезінде әңгімені тоқтатып, банктің ресми нөміріне хабарласқан жөн.


