Жазалау емес, көмектесу: ІІМ Құқық бұзушылық туралы заңды түсіндірді

Фото: Depositphotos
Қазақстанда полиция мен жергілікті биліктің жұмысын түбегейлі өзгертетін заң қабылданды. Ендігі басты мақсат — қылмыстың орын алуын күтіп отырмай, «түзу жолдан тайған» адамға уақытында көмектесу, деп хабарлайды nofake.kz/.
Алайда бұл заң турасында әлеуметтік желіде түсінбеушіліктер орын алып, қате түсініктер тарап жатыр.
ҚР ІІМ Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаментінің бастығы Ренат Зұлхайыров қарапайым қазақстандықтар үшін не өзгеретінін түсіндіріп берді.
Адаммен емес, себеппен күресу
Бұрын жүйе көбіне қылмыс болғаннан кейін ғана жазалаумен айналысатын. Енді басымдық алдын алуға (профилактикаға) беріледі. Егер адам агрессия көрсетсе немесе әлеуметтік жағдайы нашарлап кетсе, мемлекет оған нақты көмек ұсынады.
«Негізгі басты өзгеріс — заң құқық бұзушылық жасаудың себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған. Енді профилактикалық есептен шығару үшін белгілі бір мерзімнің өтуі емес, адамның толық түзелуі мен оңалтылуы негіз болады», — дейді Ренат Зұлхайыров.
Яғни маманның айтуынша егер адамның жұмысы жоқ болса, әлеуметтік қызметтер оған жұмыс тауып беруге көмектеседі. Тәуелділіктері болса, дәрігерлер емделуге жібереді. Ал агрессия көрсетсе, мінез-құлықты түзету курстары ұсынылады.
Жаңа ұғым: «Қоғамға жат мінез-құлық»
Заң адам қылмыс жасағанға дейін онымен профилактикалық әңгіме жүргізуге және ресми ескерту жасауға мүмкіндік береді.
«Негізгі жаңалықтың бірі — «қоғамға жат мінез-құлық» ұғымының енгізілуі. Бұл адамның қылмыс жасауын күтпестен, уәкілетті органдарға алдын алу әңгімелерін жүргізуге және ресми сақтандыру (ескерту) жасауға құқық береді», — дейді департамент басшысы.
Қырағылық үшін ынталандыру — «жеткізу» емес
Қоғамда құқық бұзушылық туралы хабарлаған азаматтарға ақшалай сыйақы беру мәселесі қызу талқылануда. ІІМ бұл норма көршіні аңду үшін емес, қауіпті қылмыстармен күресу үшін қажет екенін айтады.
«Қылмыскерлер енді бүкіл қоғамның бақылауында екенін түсініп, құқық бұзушылық жасамас бұрын он ойланатын болады. Егер азаматтар есірткі саудасы, террористер, кісі өлтірушілер немесе зорлықшылар туралы хабарласа, біздің ойымызша, олар міндетті түрде ынталандырылуы тиіс», — дейді маман.
Бұл қалай жұмыс істейді:
Әр өңірде әкімдік не үшін сыйақы беретінін өзі шешеді. Мысалы, заңсыз қоқыс тастау немесе есірткі сатушылар туралы ақпарат үшін берілуі мүмкін. Шешімді депутаттар мен қоғам белсенділері қатысатын арнайы комиссия қабылдайды.
Көпшілік бұл нормалар адам құқығын бұзбай ма деп қауіптенеді. ІІМ өкілінің айтуынша әрбір ереже қатаң тексерістен өткен.
«Заңның әрбір нормасы мұқият сараптамадан өтеді. Елімізде Конституциялық Сот жұмыс істейді, ол азаматтардың өтініштерін қарап, заңдардың конституциялық заңдылығын тексереді. Оның шешімдері міндетті түрде орындалады және шағымдануға жатпайды», — дейді Ренат Зұлхайыров.
Жаңа заң алдын алу жұмысын ортақ іске айналдырады. Енді қылмыскерлермен күреске тек полицейлер ғана емес, кәсіпкерлер мен өз ауласы мен көшесінің қауіпсіз болғанын қалайтын қарапайым тұрғындар да атсалыса алады.
Заңға сәйкес қоғамдық көмекшілер деген кімдер және олардың қандай өкілеттіктері бар
Коғамдық көмекші ұғымы мен мәртебесі Заңмен тікелей реттелген. Заңның 1-бабының 13) тармақшасына сәйкес, қоғамдық көмекші — құқық бұзушылық профилактикасы субъектілеріне ерікті түрде жәрдем көрсету арқылы құқық бұзушылық профилактикасына және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азамат. Заңның 45-бабында қоғамдық көмекшілер тек тіркеуден өткеннен кейін құқық қорғау органдарына жәрдемдесе отырып, қатысатыны көрсетілген. Олар құқық қорғау органдарының қызметкері болып табылмайды және билік өкілеттіктеріне ие емес.


