Хантавирус туралы тараған қандай ақпараттар жалған болып шықты

Иллюстрация: magnific.com
Халықаралық фактчекерлер хантавирус, ивермектин және Pfizer вакцинасына қатысты әлеуметтік желіде тараған бірнеше жалған ақпаратты жоққа шығарды.
Нидерланд туы астында жүрген круиздік лайнердегі хантавирус ошағынан кейін, әлеуметтік желілерде ауру туралы түрлі теориялар мен күмәнді жазбалар көбейген. Лайнерде үш адам қаза тауып, вирустың анд штамын жұқтырғандар тіркелген.
Осыдан кейін желі қолданушылары хантавирус адамнан адамға жұқпайды, Pfizer вакцинасымен байланысты және ивермектинмен емделеді деген ақпарат тарата бастаған. Reuters Fact Check бұл мәлімдемелерді тексеріп, ең көп тараған фейктерге талдау жариялады.
Хантавирус адамнан адамға жұға ма?
Әлеуметтік желілерде хантавирус «жұқпалы емес» деп жазылған ескі ақпараттық парақшаның суреттері тарай бастаған.
Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, хантавирустың анд штамы сирек жағдайда адамнан адамға жұғуы мүмкін. Reuters дәл осы штамм круиздік лайнердегі жағдаймен байланысты екенін жазады.
Ал АҚШ-тың Колорадо штатының денсаулық сақтау департаменті бұған дейін өңірде Sin Nombre деп аталатын басқа вирус түрі тіркелгенін мәлімдеді.
«Колорадода бізде Sin Nombre хантавирусы кездеседі, оның адамнан адамға жұғатыны дәлелденбеген», — деді Reuters агенттігіне департамент өкілі Хоуп Шулер.
Ивермектин хантавирусқа қарсы көмектесе ме?
Желіде тараған тағы бір пікір — ивермектин препараты хантавирусқа қарсы әсер етеді деген мәлімдеме. Кейбір қолданушылар мұны вирустың РНҚ-вирус болуымен байланыстырған.
Алайда Брюссель еркін университетінің зерттеушісі әрі Хантавирустар жөніндегі халықаралық қоғамның президенті Пит Маес бұл пікірді «ғылыми тұрғыдан жаңсақ» деп атады.
«Ивермектин РНҚ-вирустардың ядроға енуін тоқтатады деген механизм хантавирустар үшін биологиялық маңызға ие емес», — деді сарапшы Reuters-ке.
ДДҰ да ивермектинді хантавирусқа қарсы қолдануға болмайтынын мәлімдеді.
«Ивермектинді хантавирусты емдеу үшін қолдануға болмайды», — деп хабарлады ұйым өкілдері. Олар препараттың тиімділігін дәлелдейтін зерттеулер жоқ екенін атап өтті.
Pfizer вакцинасы хантавируспен байланысты ма?
Әлеуметтік желілерде Pfizer-BioNTech вакцинасы хантавирус инфекциясын тудырады немесе оның құрамында хантавирус бар деген жазбалар да тараған.
Reuters мәліметінше, қолданушылар Pfizer компаниясының ішкі құжатын қате түсіндірген. Құжатта хантавирус вакцинадан туындаған ауру ретінде емес, зерттеу кезінде бақыланатын медициналық жағдайлардың тізімінде ғана көрсетілген.
«Бұл — жаңылыстыратын ақпарат. Хантавирус өкпе инфекциясы вакцинадан болды ма, жоқ па — соған қарамастан ықтимал медициналық жағдайлар тізіміне енгізілген», — делінген Reuters Fact Check қорытындысында.
Осылайша, круиздік лайнердегі хантавирус ошағы интернетте бірден бірнеше жалған ақпараттың таралуына себеп болды. Reuters Fact Check кей жарияланымдарда ғылыми деректер мен ресми құжаттардың бұрмаланғанын атап өтті. Халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың айтуынша, хантавирустың анд штамы сирек жағдайда адамнан адамға жұғуы мүмкін. Алайда ивермектиннің инфекцияға қарсы тиімділігі дәлелденбеген, ал Pfizer вакцинасының құрамында хантавирус жоқ және ол аурудың себебі ретінде танылмаған.
Бұған дейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де круиздік лайнердегі жағдайға себеп болған анд штамы ел аумағында тіркелмегенін мәлімдеген. Ведомствоның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда инфекцияның жаппай таралу қаупі жоқ және жағдай санитариялық-эпидемиологиялық бақылауда тұр.


