NoFake

ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң: миф пен факт

Фото: freepik.com

ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң төңірегінде «ЛГБТ-ны мүлде тыйым салу» туралы қауесеттерден бастап жеке өмірге қауіп төнеді деген алаңдаушылыққа дейін түрлі әңгімелер пайда болды. nofake.kz/ оның қайсысы миф, қайсысы факт екенін түсіндіреді.

Қазақстанда ЛГБТ насихатына шектеу енгізетін заң жобасы қабылданғалы жатыр. Сенат мақұлдаған құжатқа енді Президент қол қоюы керек. Алайда заң күшіне енбей тұрып-ақ, оның айналасында «ЛГБТ-ны тыйым салу» туралы сөздерден бастап қоғамдық орындардағы кәдімгі қарым-қатынас формаларына қатысты алаңдаушылыққа дейін көптеген қауесет тарады.

Әңгіме 12 заңнамалық актіні қамтитын «Мұрағат ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде болып отыр. Қоғамның ерекше назарын, ең алдымен, балаларды қорғау контексінде дәстүрлі емес жыныстық бағдарды жария түрде насихаттауды шектеуге қатысты нормалар аударды.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың түсіндіруінше, өзгерістер бірден бірнеше негізгі заңдарға қатысты болмақ. Ол — баланың құқықтары, жарнама, білім беру, мәдениет, БАҚ, кино, байланыс және онлайн-платформалар туралы заңдарға енгізіледі. Сонымен бірге, оның айтуынша, заң азаматтардың жеке өміріне қатысты емес.

«ЛГБТ қауымдастығына жататын адамдарға тыйым салу немесе оларды “жою” туралы сөз болып отырған жоқ. Олардың жеке шекараларын ешкім шектемейді. Енгізілетін нормалар мұндай ақпараттың жария түрде таралуына шектеу қояды, бұл жалпыға ортақ халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді», — деді Бейсенбаев.

Заңдағы негізгі ұғым — қауымдастыққа тиесілі болу емес, насихат. Бұл шекті Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршин Мәжілістің Instagram-дағы тікелей эфирінде жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, жеке өмір мен жария қызмет — екі бөлек нәрсе.

«Қазақстан заңнамасында ЛГБТ өкілі болуға тыйым салынбаған. Тағы да қайталаймын: ЛГБТ өкілі болуға тыйым салынбайды. ЛГБТ насихатына тыйым салынады», — деп атап өтті ол.

Жанбыршин заңның логикасын тұрмыстық мысалмен, гетеросексуалды көпшілікпен салыстыра отырып түсіндірді:

«Мен өзімнің гетеросексуал екенімді насихаттап жүрген жоқпын — акцияларға шықпаймын, пикет ұйымдастырмаймын, митингке жиналмаймын», — деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, шектеулер тек жария түрде тарту мен ілгерілету формаларына — семинарлар, курстар, акциялар, митингілер, символиканы көрсету, сондай-ақ кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге қатысты.

«Саябақта қол ұстасып жүруге болады»

«Өзара жеке қарым-қатынастарыңызды орната беріңіздер, бірақ мұны қоғамымызда зорлап енгізіп, қалыптастырудың қажеті жоқ. Мектептер мен балабақшаларға барып, психологиялық тұрғыдан әлі толық қалыптаспаған жастарды тартудың керегі жоқ», — деді депутат.

Парламентарийлер ең көп талқыланатын қорқыныштардың бірі — қоғамдық орындардағы күнделікті мінез-құлық үшін жауапкершілік болуы мүмкін деген мәселені де жеке атап өтті. Елнұр Бейсенбаев мұндай алаңдаушылықтың негізі жоқ екенін тікелей мәлімдеді.

«Мысалы, олар саябақта қол ұстасып жүрсе — бұл насихат болып саналмайды. Бұл олардың жеке шекаралары, мұнда мүлде сұрақ жоқ», — деді депутат.

Бұл нақтылау Қазақстан жағдайы үшін ерекше маңызды, өйткені бір жынысты адамдар арасындағы достық ишаралар дәстүрлі түрде жыныстық астарға ие емес.

Мәжілісте сондай-ақ заң жыныстық бағдарды қылмыстандырмайтыны және қылмыстық жауапкершілік енгізбейтіні бірнеше рет айтылды. Бұған дейін Әділет министрінің орынбасары жауапкершілік тек жария насихат үшін қарастырылатынын, жеке өзіндік болмысқа қатысты емес екенін нақтылаған болатын.

Соған қарамастан, заң төңірегіндегі пікірталастар жалғасуда. Қолдаушылар түзетулерді балаларды және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау үшін қажет деп санап, әлеуметтік желілердегі агрессивті, әрі оны насихаттаушы контенттің көбеюін алға тартады.

Заңның тарихы 2024 жылдың көктемі – жазында 50 мыңнан астам қол жинаған қоғамдық петициядан басталды. Ұқсас нормаларды басқа заң жобаларына енгізуге бірнеше рет әрекет жасалғаннан кейін, түпкілікті редакция мұрағат ісі мәселелері жөніндегі құжатқа енгізілді. 2025 жылдың қарашасында түзетулер Мәжілісте бірауыздан қабылданып, желтоқсанда Сенатта мақұлданды.

Қазіргі уақытта заңға Президенттің қол қоюы күтілуде. Әзірлеушілер оның басты мақсаты — азаматтардың жеке өміріне араласу емес, ақпараттың жария түрде таралуын реттеу екенін атап өтті. Нормалардың іс жүзінде қалай қолданылатыны құжат күшіне енгеннен кейін белгілі болады.

Оқу үшін