Базалық мөлшерлеме 17%-ға түсті: өзгерістің қазақстандықтарға әсері қандай

Фото: Ұлттық банк
Ұлттық банк базалық жылдық мөлшерлемені 18 пайыздан 17 пайызға дейін төмендеткенін мәлімдеді. Бұл экономика cалаларына әсер етуі мүмкін бе? Nofake.kz анықтап көрді.
Ведомство бұл туралы ресми сайтында мәлім етті.
«Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 17%-ке дейін, яғни 100 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.Шешім болжамдық раунд нәтижелеріне негізделген. Комитет қазіргі макроэкономикалық жағдайға, ақша-кредит шарттарының жағдайына, нақты деректер мен тәуекелдер балансына кешенді талдау жүргізді», — делінген хабарламада.
Сарапшы пікірі
Аталған шешім экономиканың әр саласына қалай әсер етуі мүмкін? Экономист Айбар Олжайдың пікірін білдік.
«Бізде инфляция 10,4%-ға түсті және оның түсу қарқыны жақсы. Сол үшін Ұлттық банктің Ақша-несие комитетінің отырысында белгілі бір маневрлерге орын қалған және оның алдында комитет жалпы, егер инфляция төмен түсетін болса, базалық мөлшерлемені төмендетуге болады деген ишара білдірген болатын», — деді ол.
Оның сөзінше, дәл осы себеп — яғни инфляцияның 10,4%-ға түсуі жылдық базалық мөлшерлеменің төмендеуіне себеп болған.
Жылдық мөлшерлеменің төмендеуі экономикаға әсер етуі мүмкін бе?
«Жалпы 100% — 100 базистік тармақ деп саналады. Базалық мөлшерлеменің 1 пайызға түсуі — экономикаға қатты әсер етпейді. Мысалы базалық мөлшерлеме 3-4% болып тұрып, ол 1%-ға төмендегенде, оның әсері болатын еді. Бұған дейін сатып алынған облигациялар белгілі бір дәрежеде қымбаттайтын болады. Осыған орай, облигация нарығына қызығушылық төмендемейді деп ойлаймын. Олар үшін 17% — табыстылық пайызы жоғары көрсеткіш», — деп түсіндірді сарапшы.
Сонымен бірге, Айбар Олжай акциялардың өсуі мүмкін екенін болжады. Ал, депозиттер оның пікірінше, 1 пайызға төмендегенімен, салаға әсерін тигізбейді. Себебі, бұл көрсеткіш инфляциядан жоғары, деді маман.
«Несиелер 1 пайыз емес, 0,5 пайыз, яғни орта бағада төмендеуі мүмкін. Жалпы, экономикаға қатты әсері жоқ, бірақ бұл шешім — белгілі бір дәрежеде әсерден гөрі, нарыққа белгі деп ойлаймын. Демек, инфляцины түсіре алсақ, базалық мөлшерлемені қайта қалпына келтіреді деген белгі береді. Егер жыл соңына дейін инфляция 10%-дан төмен түссе, онда жыл соңына дейін базалық мөлшерлемені де түсіріп, қызған нарықты қалпына келтіре аламыз», — деді ол.
Айта кетейік, базалық мөлшерлеме – бұл Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейтін негізгі пайыздық мөлшерлеме. Ол экономикадағы ақша құнының қандай болатынын көрсетеді. Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлеменің не себепті төмендегенін түсіндіргенін жазған болатынбыз.


