Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлеменің не себепті төмендегенін түсіндірді

Фото: nationalbank.kz
Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені 17%-ға дейін төмендету туралы шешімнің негізгі себептерін атады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Ұлттық Банк мәліметінше, мамыр айында жылдық инфляция 10,4%-ға дейін төмендеген. Бұл өткен жылдың қыркүйегіндегі 12,9%-дық ең жоғары көрсеткіштен 2,5 пайыздық тармаққа аз. Сонымен қатар айлық инфляция сәуірдегі 0,8%-дан 0,7%-ға дейін баяулаған.
Сүлейменовтің айтуынша, инфляциялық қысымның төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен.
«Бүгінде біз өткен кезеңдерде базалық мөлшерлемені көтерудің, пруденциялық сипаттағы шаралардың және Үкіметтегі әріптестеріміз қабылдаған бірқатар шешімдердің оң нәтижесін көріп отырмыз. Бірлескен іс-қимылдар базалық мөлшерлемені төмендету үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді», – деді Ұлттық Банк төрағасы.
Реттеуші базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берген негізгі себептерді атады:
Инфляцияның баяулауы. Мамыр қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 10,7%-ға дейін, қызмет көрсету секторындағы инфляция 8,7%-ға дейін төмендеген.
Теңгенің нығаюы. Ұлттық Банк ұлттық валютаның күшеюі импорттық тауарлар бағасына қысымды азайтқанын атап өтті.
Тұтынушылық сұраныстың қалыпқа келуі. Қаңтар-сәуір айларында бөлшек сауданың нақты өсімі 3,4%-ды құраған. Сонымен қатар кепілсіз тұтынушылық несиелеу қарқыны айтарлықтай баяулаған.
Халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуі. Мамыр айында бұл көрсеткіш 12,7%-ға дейін түскен. Бұған дейін ол шамамен 14% деңгейінде болған.
Экономикадағы теңгерімді өсім. Қаңтар-сәуір айларында ЖІӨ 3,6%-ға өскен, ал мұнай секторын есепке алмағанда өсім 5,3%-ды құраған.
Сонымен бірге Ұлттық Банк инфляциялық тәуекелдер толық жойылмағанын атап өтті. Атап айтқанда, Таяу Шығыстағы қақтығыстардың салдарынан әлемдік азық-түлік пен энергия бағасының өсуі, сондай-ақ коммуналдық тарифтер мен жанар-жағармай бағасын реформалау баға тұрақтылығына қысым көрсетуі мүмкін.
Осыған байланысты базалық мөлшерлеме төмендетілгенімен, ақша-кредит саясаты әлі де «қалыпты қатаң» деңгейде сақталады. Ұлттық Банктің мақсаты – инфляцияны орта мерзімді кезеңде 5%-ға дейін жеткізу.


