Флюорографияны жылына екі рет жасау қатерлі ісікке әкеле ме — Бас пульмонолог жауап берді

Фото: Depositphotos
Кей адамдар флюорографиядан жылына бірнеше рет өту денсаулыққа зиян келтіріп, тіпті қатерлі ісік қаупін арттыруы мүмкін деп қауіптенеді. Осы себепті қажетті тексеруді кейінге қалдыратындар да бар. Алайда мамандар мұндай қорқыныштың негізсіз екенін айтып, дәрігер ұсынған тексеруден бас тартудың салдары әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстанның Бас штаттан тыс пульмонологы Наталья Латыпова рентгенография мен флюорографияның қаншалықты жиі жасалатыны медициналық көрсетілімдерге байланысты екенін түсіндірді.
«Иә, мен мұны кейде естимін. Бірақ бізде рентгенография немесе флюорографиядан өту жиілігі жыл сайын деп бекер қойылмаған. Яғни, бұл жүктеменің қауіпсіз екені ғылыми түрде дәлелденген. Кез келген қосымша жүктемелер жайдан-жай жасалмайды, олар қажеттілікке байланысты орындалады»,- дейді маман.
Дәрігердің сөзінше, медициналық тексеру кезінде алынатын сәулелену мөлшерін күнделікті өмірде адам ағзасына әсер ететін басқа факторлармен де салыстыра қарастырған жөн.
«Қосымша әсердің қаншалықты қауіпті екені туралы айтатын болсам, бізді қоршаған радиациялық фон және біз күн сайын тыныс алатын ауа рентгенографиядан өтуге қарағанда әлдеқайда қауіптірек», — деп атап өтті пульмонолог.
Сонымен қатар маман кей пациенттердің денсаулыққа әлдеқайда үлкен қауіп төндіретін әдеттерден бас тартпай, қажетті диагностикалық тексеруден сәулеленуден қорқып қашатынын айтады.
«Шылым шегетін, өз денсаулығына аса мұқият мән бермейтін адамның «КТ немесе рентгенографияны қайталап түспеймін, мен мұны осыдан жарты жыл бұрын жасаған едім, қауіптенемін» дегенін есту мен үшін тым таңқаларлық жайт», — дейді Наталья Латыпова.
Маманның пікірінше, диагностиканың пайдасы мен зияны оны жүргізудің маңыздылығына тікелей байланысты. Бір реттік немесе қажеттілікке сай жасалатын процедуралар ағзаға қауіп төндірмейді. Дәрігерлер белгілі бір аурулар немесе күдікті өзгерістер кезінде динамиканы бақылау үшін зерттеуді бірнеше рет қайталауды талап етуі мүмкін, бұл қатерлі ісіктің алдын алуда шешуші рөл атқарады.
«Егер дәрігер сізге міндетті түрде қайта өтіп, бақылау жасау қажет деп есептесе, оны тыңдаған дұрыс. Жай ғана мысалы, менде сондай жағдайлар болды: пациентке «білесіз бе, сізде КТ кезінде өзгерістер бар, мысалы, 6-8 айдан кейін, ең кешіктіргенде 12 айдан соң қайта тексерілуіңіз керек» десе, пациент өзіне осындай сылтау ойлап тауып, тексерілмейді. Салдарынан екі жылдан кейін ауыр симптомдармен келіп, кейде кеш қалып жатады. Сондықтан дәрігердің ұсыныстарын елемеуге болмайды», — деп қорытындылады пульмонолог.
Айта кетейік, бұған дейін бізге Бас пульмонолог «Темекіні бірден тастау қауіпті ме?» деген сауалға жауап берген болатын.


