Мектептерде ЖИ пәні енгізілді: оқушыларға не үйретіледі

Фото: Depositphotos
Енді оқушылар жасанды интеллектіні 1-сыныптан бастап оқиды. Еліміздің орта білім беру жүйесінде бұдан өзге ЖИ-ға қатысты тағы қандай жаңалықтар бар? Оқу-ағарту министрлігі NoFake.kz редакциясына жауап берді.
Министрліктің мәліметінше, елімізде жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 2029 жылға қарай 2,6 мың шағын мектепті қамту жоспарланып отыр. Ал биылғы 2026–2027 оқу жылынан бастап мектеп пәндерінің атауы да өзгерді.
«2026–2027 оқу жылынан бастап 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертіліп, оқу бағдарламаларының мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізілді», – деп хабарлады министрлік.
Балаларға ЖИ-ді қалай үйретеді?
Министрлік түсіндіргендей, бастауыш сыныптарда оқушылар жасанды интеллектімен қарапайым мысалдар арқылы танысады. 2-сыныпта балаларға дербес деректерді қорғау түсіндіріледі. Аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, құпиясөз сияқты жеке ақпаратты ЖИ жүйелеріне беруге болмайтыны үйретіледі. Сонымен қатар оқушыларға жасанды интеллект берген ақпараттың қате болуы мүмкін екені ескертіледі.
«3-4-сыныптарда оқушылар идеялар мен мәтіндерді генерациялау, генеративті модельдермен жұмыс істеу, сұраныстарды (промт) дұрыс құрастыру және нақтылау дағдыларын меңгереді. Сұраныс мазмұнының алынатын нәтижеге қалай әсер ететінін талдауды үйренеді», — делінген Оқу-ағарту министрлігінің редакциямызға берген жауабында.
Алайда бұл ретте министрлік білім алушы қандай жағдайда жасанды интеллект көмегін пайдалануға болатынын, ал қандай жағдайда тапсырманы өз бетінше орындау қажеттігін ажырата білуі тиіс екенін ескертеді.
«Бастауыш мектептен бастап жасанды интеллект ұсынған жауаптарды фактілермен және сенімді дереккөздермен салыстыру, алынған ақпаратты тексеру, цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау дағдылары қалыптастырылады», – делінген министрлік жауабында.
Мамандардың айтуынша, 5–9-сыныптарда оқушылар ЖИ құралдарын пайдаланумен қатар, олардың жұмыс істеу принциптерін меңгереді.
«5-сыныпта балалар кәдімгі алгоритмдерді деректерді талдайтын жүйелермен салыстырады, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, авторлық құқықты сақтау және плагиатқа жол бермеу мәселелерін меңгереді. 6-сыныпта модельдерді оқытудағы деректердің рөлі оқытылады.7-сыныпта шешім қабылдау жүйелері қарастырылып, жасанды интеллект көмегімен генерацияланған бағдарламалық кодты тексеру дағдылары қалыптастырылады.8-сыныпта алгоритмдік біржақтылық мәселелері және қарапайым болжау модельдері қарастырылады. 9-сыныпта жасанды интеллект нәтижелерінің ықтималдық сипаты, сондай-ақ оны пайдаланудың әлеуметтік және этикалық салдары зерделенеді», — деп жауап берді министрлік.
Ал 10–11-сыныптарда оқушыларға машиналық оқыту мен нейрондық желілердің негіздерін тереңірек оқыту көзделген. Министрлік жасанды интеллектіні ауылдық және шағын жинақты мектептерге енгізуге де басымдық беріліп отырғанын айтты. Ведомство мәліметінше, профессор Кайфу Лидің ұсынысы негізінде шағын жинақты мектептерге арналған пилоттық жоба іске қосылады.
«2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолданудың алғашқы кезеңі іске қосылады.2029 жылға қарай еліміздегі барлық 2 600 шағын жинақты мектепті қамту жоспарлануда», – деп хабарлады ведомство.
Пилоттық жоба кейін еліміздің барлық өңірлеріндегі 500 шағын жинақты мектепке дейін кеңейтілмек.
Білім беру жүйесінде ЖИ қолдануға қатысты ортақ стандарт бар ма?
Министрлік орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандартының жобасы әзірленгенін де хабарлады. Қазір құжат бекітуге қажетті заңнамалық рәсімдерден өтіп жатыр. Стандарт барлық орта білім беру ұйымдарында ЖИ қолдануға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.
«Стандарт жасанды интеллектіні пайдалану, академиялық адалдықты сақтау, дербес деректерді қорғау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын қамтиды», – деп түсіндірді министрлік.
Оқу-ағарту министрлігі ЖИ-мен жұмыс істеуде мұғалімдердің құзыретін арттыру үшін мамандардың арнайы оқытудан өткенін айтты.
«Педагогтердің цифрлық және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға да ерекше назар аударылды. 2025 жылғы тамыз айынан бастап «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында «Оқу процесінде ЖИ: генеративті модельдер және педагогтерге арналған промт-инжиниринг» бағдарламасы бойынша онлайн оқыту жүргізілуде. Қазіргі таңда республика бойынша 340 мың педагог біліктілік арттыру курстарынан өтті», — деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ, ведомство ЖИ-ді мектепке енгізудің мақсаты тек жаңа технологияларды үйрету емес екенін атап өтті. Мамандар негізгі міндеттердің қатарында балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дербес деректерін қорғау, ақпаратты сыни бағалау, академиялық адалдықты сақтау және технологияны жауапты пайдалану мәдениетін қалыптастыру бар екенін алға тартты. Айта кетейік, бұған дейін біз Финляндия мектептері балалардың сыни ойлау қабілетін қалай дамытатыны жайлы жаздық.


