Фин мектептері балалардың сыни ойлау қабілетін қалай дамытады — шетелдік ғалыммен эксклюзив сұхбат

Коллаж: NoFake.kz
Финляндия мектептерінде балалар дайын ақпаратты жаттауға емес, оны талдауға, салыстыруға, дәлел іздеуге және өз бетінше қорытынды жасауға үйренеді. Бұл елде сыни ойлау жеке пән ретінде оқытылмайды, керісінше барлық сабаққа кіріктірілген. NoFake.kz тілшісіне Хельсинки университетінің құрметті профессоры Яри Лавонен фин мектептерінде балалардың сыни ойлау қабілетін дамытудың қандай әдістері қолданылатынын айтып берді.
Мұғалімдерге қойылатын талаптар мен кәсіби дайындық
Финляндияда педагогикалық кадрлардың біліктілігіне ерекше көңіл бөлінеді. Мұғалім атану үшін үміткерлер міндетті түрде жоғары академиялық дайындықтан өтіп, магистр дәрежесін алуы тиіс.
«Финляндияда бастауыш және орта сыныптардың барлық мұғалімдері магистр дәрежесіне ие. Менің ойымша, олардың дайындығындағы зерттеушілік бағыт мұғалімдерге ойлау дағдыларының маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Кейін олар мұны сыныпта қолданады. Оларда мұғалімнің кәсіби келбеті ғана емес, белгілі бір дәрежеде зерттеушілік қыры де қалыптасады. Өйткені магистратурада олар міндетті түрде ғылыми-зерттеу жұмысын жазады», -дейді профессор.
Мұғалімдерге көрсетілетін жоғары сенім мен олардың дербестігі фин білім беру жүйесінің басты артықшылықтарының бірі болып табылады.
«Біз мұғалімдерімізге сенім арта аламыз, өйткені оларда магистр дәрежесі бар. Сондықтан оларды үнемі тестілеу арқылы бақылап отырудың қажеті жоқ. Біз олардың кәсіби құзыреттілігіне сүйенеміз. Бұл сондай-ақ мұғалім мамандығын тартымды ете түседі. Мұғалімдердің дербестігі бар. Оларда кәсіби шешімдерді өз бетінше қабылдау еркіндігі бар», -дейді профессор Яри Лавонен.
Финляндияның сыни ойлауды дамыту тәжірибесі
Фин мектептерінде сыни және шығармашылық ойлау жеке пән ретінде емес, барлық оқу үдерісі мен пәндерге ортақ әмбебап құзыреттілік ретінде енгізілген. Ғалым оны дамытудың зерттеушілік, шешімдерді жобалауға үйрету сынды негізгі әдістерін атап өтті. Зерттеушілік тәсілде оқушылар дайын жауапты жаттамай, өз бетінше ізденеді.
«Оқушыларды зерттеу кезінде жауапты өздері табуға бағыттайды. Ал бұл үшін оларға жоспарлау, талдау және дәлелдер негізінде қорытынды жасау үшін сыни да, шығармашылық та ойлауды қолдануға тура келеді », -дейді маман.
Ал шешімдерді жобалау дағдысын қалыптастыруда оқушылардың нақты өмірлік мәселелерді шешу арқылы ойлау қабілетін шыңдау қарастырылады.
«Оқушыны жай ғана шығармашылықпен және сыни тұрғыдан ойлауға мәжбүрлей алмайсың. Бұл дағдылар шынымен қажет болатын жағдайларды тудыру керек. Ол – зерттеу тапсырмалары, шешімдерді жобалау, жобалық оқыту», -дейді профессор Лавонен.
Яғни Финляндияда сыни тұрғыдан ойлау – бөлек сабақ емес. Бұл – математика, тарих, жаратылыстану сияқты барлық пәндерге кіріктіріліп, бала бойына сіңірілетін дағды. Мұғалімдер сабақты осы бағытта өткізеді. Ал мектеп бітірердегі басты емтихан финляндиялық балалар үшін компьютер арқылы өтеді. Онда оқушылардан мәтінді, видеоны немесе түрлі құжаттарды сараптап, ой қорыту талап етіледі. Яғни, тест сұрақтары жаттап алғанды емес, ойлау қабілетін тексеруге бағытталған. Профессор ондай сұрақтарды құруға өзі де қатысқанын айтты.
«Бұрын мен өзім де оларды жасауға белсенді қатыстым. Біз сыни және шығармашылық ойлауды дамытатын тапсырмаларды қосуға тырыстық. Сонымен қатар, бізде тестілер шамадан тыс көп емес. Яғни, білімді бағалау есте сақтау қабілетін тексеруге құрылмаған. Менің ойымша, бағалау жүйесінің өзі зерттеушілік тәсіл мен шешімдер үстінде жұмыс істей білу қабілетіне құрылған», -дейді профессор.
Емтихан барысында оқушыға екі мәтінді сараптау сұралуы мүмкін. Бірі — медиамәтін, ал екіншісі — көркем әдебиет мәтіні болуы ықтимал.
«Тапсырмалардың өзі дәл осы ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. Оқушы материалды алып, содан кейін оны талдап, өзара салыстырып, белгілі бір элементтерін анықтауы тиіс.Меніңше, бұл оқушылардың аталған дағдыларды шынымен меңгергенін көрудің бір жолы. Онда жай ғана есте сақтауды немесе ақпаратты қайталап айтып беруді тексеретін тапсырмалар жоқтың қасы. Қайта, жоғары деңгейдегі – сыни және шығармашылық ойлауды қолдануға аса көп көңіл бөлінеді», -дейді профессор.
Пәндердегі ерекшеліктер
Маман оқыту барысында баланың сыни ойлауын қалыптастыру үшін әр пәннің өзіне тән ерекшеліктеріне сай тапсырмалар үйлестірілетінін айтады.
«Ал жекелеген пәндерді оқытуға көшкен кезде, бұл әмбебап құзыреттіліктер әрбір пәнге кіріктірілуі тиіс. Бұл ретте пәндердің өздері де зерттеушілік тәсілді болжайды. Мысалы, жаратылыстану ғылымдарында оқушылар әртүрлі құбылыстарды түсінуге тырысса, тарих сабағында құжаттармен жұмыс істейді. Яғни, зерттеу қызметі әр пәнге тән ерекшеліктер мен таным тәсілдерін ескере отырып құрылады», — дейді профессор Яри Лавонен
Бұл тәсіл оқушылардың ақпаратты механикалық түрде есте сақтауына емес, терең талдап, сараптауына жол ашады. Оқушыларды дайын ақпаратты жаттауға емес, өз бетінше зерттеуге дағдылайды.
Түйін
Фин тәжірибесі көрсеткендей, сапалы білім беру үшін тек бағдарламаны өзгерту жеткіліксіз. Ол үшін мұғалімдерді даярлау ісі, сапалы оқулықтар және заманауи бағалау жүйесі бір мезгілде үйлесімді түрде жұмыс істеуі тиіс. Айта кетейік, бұған дейін біз баланы сыни ойлауға 3 жастан бастап үйрету қажет екендігі жайлы жаздық.


