NoFake

Отбасы банк тұрғын үй кезегінде тұрғандардың дербес деректерін келісімсіз тексере ме

Фото: Depositphotos

14 қыркүйектен бастап Отбасы банк тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтардың деректерін тексеру үшін олардың жеке келісімін алмайды. Бұл заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты. Банк жаңа тәртіптің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Отбасы банктің ресми мәліметінше, 14 қыркүйектен бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды түгендеу кезінде дербес деректерді жинауға және өңдеуге бөлек келісім алу талап етілмейді.

Бұған дейін мұндай тексеру үшін азаматтың келісімі қажет болған. Алайда кезекте тұрғандардың бір бөлігі келісім бермегендіктен, олар туралы мәліметтер толық жаңартылмай келген.

«Азаматтардың бір бөлігі мұндай келісім бермеді. Соның салдарынан олар туралы мәліметтерді толық көлемде тексеру мүмкін болмады», – деп түсіндірді Отбасы банк.

Енді банк кезекте тұрған азаматтар туралы мәліметтерді түгендейді. Оның барысында отбасы құрамы, тұрғын үйінің бар-жоғы және тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұруға әсер ететін басқа да деректер тексеріледі.

Түгендеу нәтижесінде азаматтың жағдайы тұрғын үй кезегінде тұру талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, заңда көзделген негіздер бойынша ол есептен шығарылуы мүмкін.

«Түгендеу тұрғын үйге мұқтаж азаматтар туралы мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тексеру барысында есепте тұруға негіз болатын жағдайлар қаралады», – делінген банк хабарламасында.

Ал тұрғын үйге шынымен мұқтаж және белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға қосымша өтініш берудің немесе қандай да бір әрекет жасаудың қажеті жоқ.

Осылайша, 14 қыркүйектен бастап өзгеретін негізгі талап – Отбасы банк кезекте тұрған азаматтардың дербес деректерін түгендеу үшін олардың жеке келісімін күтпейді. Ал есептен шығару автоматты түрде емес, заңда белгіленген негіздер болған жағдайда жүргізіледі.

Оқу үшін