Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы дау: ресми мәліметтер неге қайшы

Фото: gov.kz
Бішкекте өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында шу шықты. БАҚ беттерінде жарыс ұйымдастырушылары бастапқыда қырғыз тарапын жарыс жеңімпаздары деп атаса, кейін аталған кестені өшіріп, Қазақстанды бірінші орынға шығарғаны айтылады. Ақпараттың қайсысы рас? Nofake.kz зерттеп көрді.
Мәселе неден басталды?
Көптеген БАҚ өкілдері Қырғызстан астанасы Бішкекте 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынының нәтижесіне қатысты шу шыққанын жарыса жазды. БАҚ-та жарияланған мәліметке сай, ұйымдастырушылар медальдар кестесін жариялап, онда жарыс қожайындары жеңімпаз атанғанын жазған.
«Алайда Қазақстанның қоржынында он медаль, оның ішінде үш алтын медаль кем көрсетілген. Егер олар есепке алынғанда, Қазақстан бірінші орынға шығар еді. Қоғамда үлкен резонанс туындағаннан кейін кесте өшіріліп, кейін қайта жарияланды да, тағы да алынып тасталды», — делінген БАҚ мәлімдемесінде.
Жағдай неге ушықты?
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстан құрамасының есептеуі бойынша ел қоржынында жалпы
74 медаль бар. Олардың 32-сі алтын, 20-сы күміс және 22 қол медаль. Десе де, ашық дереккөздердегі деректер бойынша, қырғыз тарапы өздерін жеңімпаз деп санап, бастапқыда басқа нәтижесі бар кестені жариялаған.

Аталған мәлімдемені желі қолданушылары да растап жатыр. Олар түрлі пікірлерін желіде жаудырып жатыр.

Ұйымдастырушылар не дейді?
Қазіргі таңда қырғыз еліндегі ресми ресурстарда жалпы медаль кестесі алып тасталғаны айтылады.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, елдер арасында ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — бұл ең алдымен этноспортты және дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту мен танымал етудің, халықтар арасындағы мәдени байланыстар мен достықты нығайтудың халықаралық алаңы», — делінген хабарламада.
Ведомство ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекелестігіне емес, елдердің ортақ тарихи-мәдени мұра айналасында бірігуіне негізделгенін айтады.
«Дәл осы себепті Ойындар қорытындысы бойынша мемлекеттер арасында жалпы медальдық рейтинг жасалмайды», — делінген Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі берген түсініктемеде.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәлімдемесі қандай?
ҚР Туризм және спорт министрлігі ойындардың қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алғанын, оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола бар екенін растап отыр.
«Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тарту, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды», — делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ресми сайтында не деп тұр?
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми сайтына кіріп, ойын нәтижелерімен танысқанымызда, келесідегідей мәлімдемені көрдік.
«VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медальдық есебі Ойындар хатшылығынан соңғы ақпарат келіп түскеннен кейін жарияланады. Ресми растауға дейін жиынтық кесте жарияланбайды. Жарыстардың нәтижелері мен спорт түрлері бойынша берілген марапаттар тиісті бөлімдерде қолжетімді», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысқан болатын.
Түйін
Қазақстанның 74 медаль жеңіп алғанын ҚР Туризм және спорт министрлігі растады. Алайда бұл елдің жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын растамайды. Қырғызстан ведомствосы ресми рейтинг жүргізілмейтінін айтса, ойындардың сайты қорытынды кесте кейін жарияланатынын көрсеткен. Осы қайшылық нақтыланбайынша, Қазақстанды немесе Қырғызстанды жалпыкомандалық жеңімпаз деп атауға негіз жеткіліксіз.


