NoFake

Киберқауіпсіздік және ЖИ: Президент Қауіпсіздік кеңесінің ережелерін бекітті

Фото: Aqorda

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі мен оның Аппараты туралы ережелерді бекітіп, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасарының өкілеттігін айқындайтын Жарлыққа қол қойды.

Құжатта сыртқы және ішкі тәуекелдерді бағалауға байланысты Қауіпсіздік кеңесі мен оның Аппараты жұмысының негізгі бағыттары белгіленген.

«Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының міндеттері ретінде жаһандық қатерлер мен сын-қатерлерді, сондай-ақ елдегі ахуалдың өзекті аспектілерін жан-жақты талдау белгіленді», — делінген Ақорда хабарламасында.

Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасары өкілеттігінің бір бөлігі Кеңес шешімдері мен оның төрағасының тапсырмаларын орындауға байланысты.

«Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының актілері мен тапсырмаларының, Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің, оның ішінде жедел кеңестерде қабылданған шешімдердің сөзсіз және толық орындалуын бақылауды ұйымдастырады», — делінген Ақорда хабарламасында.

Төраға орынбасары ұлттық қауіпсіздік, елдің қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтық тәртіп саласындағы іс-шараларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін де үйлестіреді.

Өкілеттіктің тағы бір бағыты цифрлық қауіптер мен деректерді қорғауға қатысты.

«Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғау мәселелерімен де айналысады», — деп хабарлады Ақорда.

Сонымен қатар төраға орынбасары аталған шараларды іске асыру бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді, халықаралық өзара іс-қимылды жүзеге асырады және Қауіпсіздік кеңесі Аппаратының жұмысын үйлестіреді.

Ал Қауіпсіздік кеңесінің Аппараты Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін дербес мемлекеттік орган ретінде айқындалды.

«Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты дербес мемлекеттік орган ретінде Мемлекет басшысына тікелей бағынады және есеп береді», — делінген Ақорда хабарламасында.

Аппараттың қызметі ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылауды күшейтуге және жетілдіруге, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, институционалдық қолдау көрсетуге, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі төрағасы мен Кеңес шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталады.

Ақорданың мәліметінше, бұл міндеттерді жүзеге асыру Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделері мен конституциялық құрылыс негіздерін қорғауды күшейтуге бағытталған.

Оқу үшін