NoFake

Көшедегі фотоңызды алаяқтар дипфейк жасауға қалай пайдаланады

Фото: Depositphotos

Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды жаңа алаяқтық тәсілінен сақ болуға шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Енді қаскөйлер көшеде «тегін фото немесе видео түсіріп беремін» деген сылтаумен адамның биометриялық деректерін жинап, кейін оны дипфейк жасау үшін пайдалануы мүмкін.

Ұлттық Банктің мәліметінше, алаяқтар соңғы уақытта халық көп жиналатын орындарды жиі нысанаға ала бастаған. Әсіресе әуежай, теміржол және автовокзал маңында олар өзін жаңадан бастап жүрген фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырып, тегін қызмет ұсынады.

«Көшеде «тегін фото немесе видео түсіріп беремін» деген желеумен азаматтардың биометриялық деректерін жинайтын алаяқтардың әрекеті де үлкен қауіп төндіріп тұр. Олар өз кәсібін жаңадан бастаған фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырып, «портфолио жинап жүрмін» деген сылтаумен қызметін тегін ұсынған болады», – деп ескертеді Ұлттық Банк.

Дипфейк қалай жасалады?

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жасанды интеллект технологиялары адамның бет-бейнесі анық көрінетін бірнеше фото немесе қысқа видеоны пайдаланып-ақ оның шынайыға ұқсас бейнесін жасай алады. Мұндай дипфейк материалдарда адамның жүзі, дауысы және қимыл-қозғалысы имитацияланып, ол ешқашан айтпаған сөздерді айтқандай немесе жасамаған әрекеттерді жасағандай көрсетілуі мүмкін.

Осындай материалдар кейін әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде немесе алаяқтық схемаларда қолданылып, адамның жақындарынан ақша сұрауға, жалған жарнама таратуға немесе жеке деректерді иемденуге пайдаланылуы ықтимал.

«Осылайша қолға түскен фото-видеоматериалдарды кейін жасанды интеллект көмегімен дипфейк жасау үшін қолдануы мүмкін. Бұдан бөлек, мұндай материалдар түрлі алаяқтық схемаларда, соның ішінде жақындардан ақша аударуды сұрайтын жалған хабарламаларды тарату үшін де пайдаланылады», – делінген Ұлттық Банк хабарламасында.

Тағы қандай айла қолданылады?

Ұлттық Банк алаяқтардың тағы бір кең таралған тәсілі – бейтаныс адамнан «шұғыл қоңырау шалу керек» деп телефон сұрап алу екенін ескертеді. Сол сәтте олар байқатпай қашықтан басқаруға арналған бағдарламаларды орнатып немесе банк қосымшалары арқылы ақша аударып үлгеруі мүмкін.

Осыған байланысты ведомство азаматтарға бейтаныс адамдарға телефон бермеуге, SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және жеке мәліметтерді ешкімге жарияламауға кеңес береді. Сондай-ақ Ұлттық Банк қызметкерлері ешқашан аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын, азаматтардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және ақша аударуды талап етпейтінін тағы бір мәрте еске салды.

Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, дереу банкке хабарласып, құқық қорғау органдарына арыз беріңіз. Қосымша ақпаратты Ұлттық Банктің 1477 байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Оқу үшін