NoFake

Әлеуметтік желіде сайлауға баруға немесе бармауға үндеуге бола ма — Заң не дейді

Фото: Depositphotos

«Кез келген қазақстандық әлеуметтік желідегі парақшасында сайлауға баруға немесе бармауға үгіттей ала ма?» — бұл сұрақ әсіресе саяси науқан кезінде жиі қойылады. Көпшілік жеке парақшамыз өзіміздікі ғой деп ойлайды, бірақ бұл мәселенің өз заңды шектеулері бар, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңы нені талап етеді?

Бұл заңға сәйкес, елімізде сайлауға қатысу – әр азаматтың өз еркі. Ешкім ешкімді сайлауға баруға да, бармауға да мәжбүрлей алмайды.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 3-бабы, 3-тармағына сәйкес, азаматтардың сайлауға қатысуы ерiктi түрде жүзеге асырылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ.

Сайлауға баруға шақыру – бұл көбінесе азаматтық белсенділік ретінде қабылданады. Дегенмен, заң тұрғысынан сайлауалды үгіт-насихатты тек ресми тіркелген кандидаттар мен партиялар ғана жүргізе алады.

Сайлауға бармауға (бойкот жасауға) үгіттеуге заң жүзінде тыйым салынған. Әлеуметтік желіде «сайлауға бармаңыздар», «бұл сайлаудың мәні жоқ» деп көпшілікті үндеуге шақыру заң бұзушылық болып саналады.

Неліктен бойкотқа үндеуге болмайды?

Мемлекет сайлауды маңызды саяси науқан ретінде қарастырады. Жалпы жұртты сайлауға қатыспауға шақыру – бұл науқанның қалыпты өтуіне кедергі жасау және басқа азаматтардың сайлау құқығын жүзеге асыруына әсер ету деп бағалануы мүмкін.

Бұл әрекеттер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабымен реттеледі. Онда сайлауалды үгіттің кімдер тарапынан және қалай жүргізілетіні нақты жазылған. Яғни үгіт-насихат жұмыстарын тек тіркелген кандидаттар, олардың сенім білдірілген өкілдері және саяси партиялар ғана жүргізе алады.

Кез келген әлеуметтік желі қолданушысының көпшілікке сайлауға бойкот жариялауға үндеу жасауы – заңда рұқсат етілмеген заңсыз үгіт-насихат немесе науқанға кедергі келтіру ретінде қарастырылады.

Сайлауға қатыспауға шақырған адамдар үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

Егер азамат әлеуметтік желіде сайлауға қарсы шығып, бойкот жариялауға үгіттейтін жазбалар жарияласа, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 11 тарауынының мына баптарына сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін:

102-бап («Сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезеңде жүргізу»): Үгіт жүргізуге рұқсат етілмеген уақытта немесе белгіленбеген тәртіппен үгіт жасау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

103-бап («Сайлау алдындағы үгітті жүргізу құқығына кедергі келтіру»): Сайлау процесінің қалыпты өтуіне және заңды үгіт-насихатқа қол сұғуға тыйым салынады.

112-бап («Бұқаралық ақпарат құралдары және онлайн-платформалар арқылы сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзу»): Әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда үгіт жүргізу немесе оның талаптарын бұзу заңбұзушылық болып саналады.

122-бап («Сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзу»): Заң талаптарын айналып өтіп, рұқсат етілмеген форматта үгіт жүргізгені үшін жауапкершілік көзделген.

Заң талаптарын бұзған азаматтарға ескерту жасалып немесе белгіленген мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін.

Оқу үшін