NoFake

Шетелдіктердің Қазақстанға кіруі ақылы бола ма — ІІМ жауап берді

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желіде шетел азаматтарының, оның ішінде Ресей азаматтарының, Қазақстанға кіруі 1 қарашадан бастап ақылы болады деген ақпарат тарады. NoFake.kz бұл ақпаратты тексеру үшін Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады.

Скрин әлеуметтік желіден

Қазақстанға келетін шетелдіктерден елге кіруге рұқсат алу үшін ақы алынатыны туралы ақпаратты алғаш болып Сербияның Сыртқы істер министрлігі жариялаған. Осы мәліметке сүйенген отандық БАҚ 1 қыркүйек күні электронды рұқсат құны шамамен 4 мың теңге, ал оны шекарада рәсімдеу 8 мың теңгеге жуық болуы мүмкін екенін жазды.

Алайда Сербия Сыртқы істер министрлігінің сайтындағы ақпараттың қазіргі нұсқасында QazETA-ның пилоттық режимде жұмыс істеп тұрғаны көрсетілген. Сондай-ақ жүйені міндетті түрде енгізудің нақты мерзімі мен төлем мөлшерін Қазақстанның құзыретті органдары кейін жариялайтыны айтылған.

ІІМ бұл ақпаратты қазіргі уақытта растамайтынын хабарлады. Министрлік мәліметінше, Қазақстанға визасыз режиммен келетін шетел азаматтары үшін QazETA электрондық рұқсат жүйесі әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

 «Электрондық рұқсатты ресімдеу міндетті емес, ақы алынбайды, ал QazETA-ның болмауы кіруден бас тартуға негіз бола алмайды», — деп жауап берді ІІМ баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, QazETA жүйесін кезең-кезеңімен енгізуге құқықтық негіз жасайтын заңнамалық нормалар 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енген. Алайда қазіргі кезеңде мемлекеттік шекараны кесіп өтудің қолданыстағы тәртібі өзгермейді.

«Мемлекеттік шекараны кесіп өтудің қолданыстағы тәртібі өзгеріссіз қалады», — делінген ІІМ жауабында.

Министрлік QazETA-ның визаны алмастырмайтынын және шетел азаматтарының Қазақстанда болу мерзімдерін өзгертпейтінін де атап өтті. Ал жүйені болашақта міндетті түрде қолдану мәселесіне қатысты нақты параметрлер әзірге белгіленбеген.

«Мемлекеттердің тізбесі, жүйені міндетті қолдану мерзімдері, ресімдеу тәртібі және төлемақы мөлшері қосымша айқындалатын болады. QazETA визаны алмастырмайды және Қазақстанда болудың белгіленген мерзімдерін өзгертпейді. Жүйені енгізудің одан арғы кезеңдері туралы ресми дереккөздер арқылы алдын ала хабарланатын болады», — деп түсіндірді ІІМ.

Осылайша, «1 қарашадан бастап шетелдіктер Қазақстанға кіру үшін міндетті түрде ақша төлейді» деген ақпаратты ІІМ растамады. Ведомство мәліметінше, қазіргі пилоттық кезеңде QazETA-ны рәсімдеу міндетті емес және ол үшін ақы алынбайды. Айта кетейік, бұған дейін біз қазақстандықтар үшін Шенген визасын жеңілдейтіні жайлы жаздық.

Оқу үшін