«Бомба қойдым»: Алматыда полицияға жалған хабар берген ер адам ұсталды

Фото: depositphotos.com
Алматыда полицияға аудандық полиция басқармаларының бірінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар берген 56 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство мәліметінше, полицияға ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына қаланың шұғыл қызметтері жіберілген. Мамандар ғимарат пен оған іргелес аумақты тексерді. Алайда тексеру барысында жарылғыш заттар, құрылғылар, оқ-дәрілер немесе басқа да күдікті заттар табылған жоқ.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында полиция хабарламаны жасаған адамның кім екенін анықтады. 56 жастағы ер адам жарылғыш зат қоймағанын және мұндай хабарламаны әдейі жасағанын мойындады», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Полиция мұндай хабарламаларға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Жарылғыш зат қойылғаны туралы әрбір ақпарат нақты қауіп ретінде қабылданып, шұғыл қызметтердің әрекет етуіне себеп болады», — делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, жалған хабарламалар арнайы қызметтердің уақытын ғана алып қоймай, тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызады және заңда белгіленген жауапкершілікке әкеледі.


