Жалған инвестициялық платформаны қалай тануға болады

Фото: Gov.kz
Әлеуметтік желіде аз ақша салып, қысқа уақытта жоғары табыс табуды ұсынатын жарнама көрдіңіз бе? Мұндай ұсыныстың артында алаяқтар тұруы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жалған инвестициялық платформалардың негізгі белгілерін атап, олардан қалай қорғануға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Алаяқтар инвестицияға қызығушылықтың артуын өз пайдасына қолданып жүр. Олар белгілі банктердің, қаржы ұйымдары мен инвестициялық компаниялардың ресми ресурстарына ұқсайтын сайттар жасап, әлеуметтік желілерде жарнамалайды.
Кейде мұндай жарнамаларда танымал адамдардың бейнесі де қолданылады. Олардың сөзі мен видеосы жасанды интеллект арқылы өзгертілуі немесе толығымен қолдан жасалуы мүмкін. Сонымен қатар, платформаға деген сенімді арттыру үшін «инвесторлардың» жалған пікірлері жарияланады. Агенттіктің мәліметінше, мұндай схемалардың мақсаты – адамды жалған сайтқа кіргізіп, ақша салуға немесе жеке және төлем деректерін беруге көндіру.
Жалған платформаның 6 белгісі
Ұсынысқа күмәнмен қарауға негіз бар, егер:
- жарнама белгісіз немесе күмәнді аккаунттан тараса;
- сілтеме компанияның ресми сайтына емес, басқа ресурсқа апарса;
- қысқа мерзім ішінде өте жоғары немесе «кепілдендірілген» табыс уәде етілсе;
- «мүмкіндікті жіберіп алмаңыз», «дәл қазір ақша салыңыз» деп асықтырса;
- қосымшаны App Store немесе Google Play-ден емес, басқа жерден жүктеуді сұраса;
- тіркелу немесе ақша салу үшін карта деректері, SMS-код, құпиясөз секілді құпия ақпаратты талап етсе.
Ақша салмас бұрын не істеу керек?
Біріншіден, лицензияны тексеріңіз. Компания өзін инвестициялық немесе қаржы ұйымы ретінде таныстырса, тиісті лицензиясының бар-жоғын анықтаңыз. Лицензиясы бар ұйымдар туралы мәліметті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсынан тексеруге болады.
Екіншіден, жарнамадағы сілтемеге бірден өтпеңіз. Банк немесе инвестициялық компанияның ресми сайтын іздеу жүйесі арқылы өзіңіз тауып, жарнамадағы ұсыныстың сол жерде бар-жоғын тексерген дұрыс.
Үшіншіден, «кепілдендірілген табыс» деген сөзге сақ болыңыз. Инвестиция әрдайым белгілі бір тәуекелмен байланысты. Сондықтан аз уақытта өте жоғары пайда табуға кепілдік беру – күмән туғызатын негізгі белгілердің бірі.
Төртіншіден, жеке деректеріңізді бермеңіз. Карта нөмірі мен оның құпия деректері, интернет-банкинг құпиясөзі, SMS арқылы келген кодтар бөгде адамдарға берілмеуі керек.
Егер платформаның сенімділігіне күмәніңіз болса, оны тексермей ақша аудармаңыз және ұсынылған бағдарламаны телефонға орнатпаңыз.


