NoFake

Таңбаланған ЖИ-контенттің мазмұнына кім жауапты?

Фото: NoFake.kz

ЖИ туралы заңда кез келген контенттің, соның ішінде видеороликтердің ЖИ-мен жасалғанына қатысты маркировка болуы керек деген талап бар, ал ондағы мәтіннің мазмұнына кім жауапты? Бұл туралы NoFake.kz Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтан сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, ЖИ арқылы жасалған контентті таңбалау талабы ең алдымен азаматтар шынайы контент пен ЖИ көмегімен жасалған материалды ажырата алуы үшін енгізілген. Себебі бүгінде шынайы видео мен нейрожелі көмегімен жасалған материалды сыртқы белгілеріне қарап ажырату қиындап барады.

«Қазір кез келген адам ЖИ қолданып, видеоконтент немесе мәтін шығарса да, оны маркировкалау қажет. Яғни контенттің астында немесе видеоның өзінде оның ЖИ көмегімен жасалғаны туралы белгі болуы керек», — деді Ғиззат Байтұрсынов.

Оның сөзінше, заң талаптарының сақталуын бақылау да қарастырылған. Егер ЖИ көмегімен жасалған материалдың тиісті түрде таңбаланбағаны туралы шағым немесе ақпарат түссе, уәкілетті орган тексеру жүргізе алады.

«Егер бізге қандай да бір контент маркировкадан өтпеді деген ақпарат Е-өтініш бойынша түссе, біз тексеру жұмыстарын жүргізуге дайынбыз», — деді вице-министр.

Ал контент ЖИ арқылы жасалғаны таңбаланып, оның мазмұны қауіпті немесе заңға қайшы болуы бөлек мәселе. Мұндай жағдайда Ғиззат Байтұрсынов материалдың мазмұнына қатысты жауапкершілік Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіне жататынын айтты.

«Егер әлеуметтік желіде қауіпті мәтін анықталған жағдайда, оның мазмұнына Мәдениет және ақпарат министрлігі жауап береді», — деп түсіндірді Ғиззат Байтұрсынов.

Айта кетейік, бұған дейін біз Президент Қауіпсіздік кеңесінің ережелерін бекіткені жайлы жаздық.

Оқу үшін