ҚР Президенті биыл «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында Сенатты қысқартып, бір палаталы Парламентке өту туралы бастама көтерді. Инновациялық саяси шешім қоғамда қызу талқыланды, азаматтар әлі де өз ойын жазып жатыр. nofake.kz/ әлеуметік желілердегі Парламенттік реформаға қатысты жазбаларға шолу жасап, бұрмаланған және шындыққа жанаспайтын пікірлер де барын анықтады.
Парламенттік реформаның түбінде Президенттік сайлау тұр – шындық па
Әлеуметтік желілерде жұрт Парламенттік реформаны Президенттік сайлаумен байланыстырған, әсіресе, Президенттің өкілеттік мерзімі қайта қаралады», «Таяуда Президент сайлауы болады», «Президент қайта сайланады» деген пікір көп.
Парламенттік реформаның Президенттік сайлауға шынымен де қатысы бар ма деген сауалды сарапшыларға қойдық. Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Сенатты тарату туралы мәселе қаралғанда — Президенттің өкілеттік мерзімі талқыланбайды.
«Қазақстанда алдағы Парламенттік реформа «Президенттің өкілеттік мерзімі қайта есептеледі» немесе «бұған дейінгі мерзім жоққа шығарылады» деп айта алмаймыз. Себебі әзірге ондай белгілер жоқ. Бұл реформа тек Парламентке қатысты, оның Президентке тікелей қатысы жоқ. Президенттің өкілеттік мерзімін қайта қарау үшін, оның сайлану мерзімі мен өкілеттігін қарайтын Конституциядағы баптарды қайта қарау керек болады. Ал, референдум қорытындысы бойынша, қандай да бір шешім қабылданған күннің өзінде, Конституциядағы 40 баптың ішінде, мысалы бұған дейін «Президент екі палатамен жұмыс істейді» деп айтылса, реформадан кейін ол Парламенттің тек бір палатамен жұмыс істейді, яғни, тікелей емес, тек жанама ғана байланысы болады»,—деді Әбішев.
Фото: Ғазиз Әбішев
Конституцияға енгізілген өзгеріске сәйкес, елімізде Президент сайлауы 2029 жылы өтеді және саяси сайысқа Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспайды.
Мемлекет басшысының өзі де Президенттің өкілеттік мерзімі қайта қаралмайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Президент «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында журналистің «Әлеуметтік желіде Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?» деген сұрағына нақты жауап береді.
«Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ. Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген. Суперпрезидентке тән өкілеттіктерді жою үшін 2022 жылы Конституцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам», — деп жауап берді Президент.
Саясаттанушы, тәуелсіз сарапшы Жанерке Қайратқызы да Парламенттік реформа билік транзиті емес, керісінше, бұған дейін қабылданған реформалардың жалғасы болады деп есептейді.
«Президент өзінің қыркүйек айындағы жолдауында бізге ауқымды реформаны жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. Бұл – Парламенттік реформа. Жоспарланып отырған реформа осы уақытқа дейін де іске асырылып келді. 2022 жылы бүкіл халықтық референдум арқылы қабылданған өзгерістерді — реформаның логикалық жалғасы деп айтуға болады. Соның ішінде Президент ұсынған: «Күшті президент – ықпалды Парламент және жауап беретін Үкімет» қағидатын іске асырудағы эволюциялық жол деп тұжырымдауға болады. Дегенмен асығыс шешім болмауы үшін, қазір бір жыл көлемінде ауқымды, кең талқылауға салынады деп жоспарланып отыр.Қазір Президенттің үкімімен парламенттік реформаға қатысты үлкен, кеңейтілген жұмыс тобы құрылды. Оған Конституциялық сотта қызмет еткен жоғары деңгейдегі, саяси аренада сарапшылық ойы бар мамандар енді», — деді сарапшы.
Фото: Жанерке Қайратқызы
Парламенттік реформадан кейін депутаттардың еңбекақысы еселеп артады – рас па
Азаматтар Парламенттік реформадан кейінгі бюджет шығыны да алаңдап отыр. Әлеуметтік желілерде Сенат пен Мәжіліс біріккен соң депутаттардың жұмысы ауырлайды, сәйкесінше олардың еңбекақысы да еселеп өседі деген түсінік қалыптасқан. Біз бұл ақпараттың да анық-қанығын сарапшылардан сұрадық.
«Күн тәртібінде тұрған тағы бір мәселе бұл – бюджеттік шығындарды азайту. Сондықтан мәжіліс депутаттарының функционалының артуына қарамастан, бір палаталы Парламенттің депутаттарының айлығы, қазіргі Мәжіліс және Сенат депутаттарының алып жатқан айлығымен бірдей болуы мүмкін, яғни өспейді», — дейді тәуелсіз сарапшы Жанерке Қайратқызы.
«Менің білуімше депутаттардың айлығының өсуіне 2022 жылы мораторий жарияланған. Ал, 2027 жылы депутаттардың айлығын өсіру туралы мораторий аяқталған уақытта, әрине олардың айлығы индекстелетін болады. Бірақ оның парламенттік реформаға еш қатысы жоқ. Себебі, реформаны өткізбей-ақ, мараторий аяқталған соң, олардың айлығы индекстелетін еді», — деп түсіндірді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.
Парламенттің жұмысын жетік білетін экс-депутат Омархан Өксікбаевтың айтуынша, бұл реформа ең алдымен заң қабылдауға кететін уақытты үнемдейді және бюджеттен бөлінген қаржының діттеген жерге жылдам жетуіне әсер етеді.
«Мысалы, біз қазір бюджет туралы заң қабылдап жатырмыз. Ол заңды қабылдау үшін кем дегенде 6 ай уақыт кетеді. Яғни, 3 ай Мәжіліс, 3 ай Сенат қабылдайды. Ал егер ол жедел, мемлекетке қажет, экономиканы, саясатты, мемлекеттің құрылымын реттейтін заң болса, ол кешеуілдеген сайын Үкіметтің, мемлекеттік позициясы осал бола береді. Осыған байланысты қабылданатын заңдардың, мемлекеттің саясатын реттейтін заңнамалардың барлығын осы бір палаталы Парламент қабылдаса, біріншіден, уақыт үнемделеді, екінші жағынан оның сапасы артады, өйткені ол тезірек жететін жеріне жетеді», — деді Өксікбаев.
Фото: Омархан Өкісікбаев
Депутаттардың жалақысына келсек, Сенат қазір де қазынаға қомақты шығын келтіріп отырған жоқ.
«Біз қазір Сенатты қысқартқанмен, қазір онда тек 50 ғана депутат, аппаратпен бірге 100-ден астам, 150-дей адам шығар. Көп болса бюджеттен 20-30 миллиард ақша үнемделетін шығар», — деп есептейді қаржыгер Омархан Өксікбаев.
Сонымен, Парламенттік реформаның басты мақсаты — Парламенттің рөлін арттыру. Бұл билік транзиті немесе президенттің өкілеттігін қайта қарау да емес. Бұл — елдің саяси мәдениетін жаңғырту, демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған шешім. Қазақстанның жаңа саяси дәуірге, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарына негізделген мемлекет құру жолындағы маңызды кезеңі.