NoFake

Астрофизик Астана аспанында пайда болған белгісіз жарықтың себебін түсіндірді

Скриншот: әлеуметтік желі

Астана тұрғындары кешкі уақытта аспанда пайда болатын ерекше жарықты видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде талқылап жатыр. Кейбірі бұл құбылысты бірнеше күн қатарынан байқағанын айтады. NoFake.kz оның неден пайда болуы мүмкін екенін астрофизиктен сұрады.

Видео желіде қалай тарады?

Threads желісінде 1 қараша күні Астана аспанында белгісіз жарық пайда болғаны туралы жазбалар тарады.

Скриншот: әлеуметтік желі

«Астана, 1-ші қараша. Сағат 19:47 мен 21:00 арасында біз аспанда осындай қалықтап жүрген, нысананы байқадық. Біздің эмоциямызға мән бермеңіздер, мұндайды бірінші рет көруіміз», — деп жазған олардың бірі.

Threads-тегі тағы бір қолданушының бірі мұндай құбылысты күн сайын көретінін жазған.

Скрин әлеуметтік желіден.

«Бүгін ең ауқымдысы болған шығар, мұндайды күн сайын көреміз десек, артық айтқанымыз емес. Шамамен кешкі 19:00 мен 21:00-дің арасында болады. Бұл не болуы мүмкін?», — деп жазған ол.

Ғалымдар не дейді?

Астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиевтің айтуынша, тұрғындар байқаған құбылыс ғимараттардың сыртқы жарықтандыру жүйесімен және атмосферадағы мұз кристалдарымен байланысты болуы мүмкін.

«Мәселен, үйлердің фасадында шамдар бар және олар аспанға тікелей бағытталады. Сөйтіп, ол жарықтың бәрі аспанға қарай беттейді. Ауадағы су буы қатқан кезде ұсақ мұз кристалдары пайда болады. Олар айналасындағы ылғалдың әсерінен біртіндеп үлкейіп, салмағы артқан соң төмен қарай баяу қозғалады. Осы кезде ауа ағындарының әсерінен жалпақ күйге келіп, жарықты шағылыстырады. Соның нәтижесінде жердегі шамдардың жарығы аспанда ерекше құбылыс болып көрінеді», – деп түсіндірді астрофизик.

Скриншот: әлеуметтік желі

Маман мұндай көрініске Астанадағы тұрғын үйлердің қасбетін жарықтандыратын шамдар әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді. Ол әлеуметтік желіде тараған видеолардың біріне де назар аударған.

«Бір видеода байқағаным, Мәңгілік ел көшесінің бойында бір мектеп бар, бір адам соның жанында тұрып видео түсірген. Сол кезде Мәңгілік елдің бойындағы үйлердің фасадында жарық түсіп тұрғаны көрініп тұр», – деді Бекдәулет Шүкірғалиев.

Атмосферадағы мұз кристалдарының жарықты шағылыстыруынан пайда болатын мұндай көрініс ғылымда «жарық бағаналары» деп аталады. Алайда Астанада тараған видеоларда дәл осы құбылыс бейнеленгенін анықтау үшін қосымша деректер қажет.

Түйін

Астрофизик Астана аспанындағы ерекше жарықтың пайда болуын ғимараттардағы шамдар мен атмосферадағы мұз кристалдарының әсерімен байланыстырады. Демек, тұрғындар байқаған көріністің табиғи әрі ғылыми тұрғыдан түсіндірілетін себебі болуы мүмкін.

Оқу үшін