Алып киттердің кемелерге жақындаған видеолары ЖИ арқылы жасалған

Скрин видеодан
Әлеуметтік желілерде мұхитта алып киттердің кемелерге жақындап, су бетіне шыққан сәттері бейнеленген видеолар таралып жатыр. Кадрлар шынайы түсірілімге ұқсағанымен, олардың бірқатары жасанды интеллект көмегімен жасалған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Видеоларда алып киттердің кемелердің дәл жанынан жүзіп өткені, кейде су бетіне көтеріліп, қайта сүңгігені көрсетілген. Кейбір кадрларда киттің денесіндегі тыртықтар мен терісіне жабысқан теңіз ағзаларына дейін анық көрінеді. Мұндай бөлшектер видеоны шынайы етіп көрсетеді.
Алайда халықаралық фактчекинг платформасы Lead Stories бірнеше видеоны зерттеп, олардан жасанды интеллектке тән қателерді анықтаған.
Видеолардағы қандай қателер анықталды?
Мәселен, TikTok-та тараған видеолардың бірінде кит шағын қайықтың астынан жүзіп өтеді. Бірақ кадрда қайықтың корпусы түгелдей су астында қалғандай бейнеленген. Бұл көрініс шынайы физикалық жағдайға сәйкес келмейді.
Facebook желісіндегі тағы бір видеода ұзындығы шамамен 12 метр болатын кит кемеге жақындап, су бетіне көтеріледі. Алайда киттің басы көрінгеннен кейін құйрығы да сол бағыттан пайда болады. Бұл жануардың дене құрылысы мен қозғалысындағы сәйкессіздікті көрсетеді.
Ал YouTube-та жарияланған видеода кит қайықтың жанынан су бетіне секіріп шығады. Бір қызығы, дәл сол сәтте кемедегі адамдар китке емес, артқа бұрылып қарайды. Соған қарамастан олар киттің секіргеніне таңғалғандай әрекет етеді.
Жалған видеоларды қалай ажыратуға болады?
Lead Stories мамандары мұндай видеоларда киттердің табиғатта жасай алатын қозғалыстары бейнеленетінін айтады. Сондықтан оларды бір қарағанда жалған деп тану қиын.
Дегенмен видеоны жариялаған аккаунтты тексеру маңызды. Мысалы, Instagram-дағы осындай контент таратқан парақшалардың бірінде материалдардың жасанды интеллект арқылы жасалғаны көрсетілген.

Сондай-ақ видеодағы заттардың қозғалысына, адамдардың әрекетіне және кадрлар арасындағы сәйкессіздіктерге назар аудару қажет.
Фактчекерлердің айтуынша, мұндай видеолар көрерменнің қызығушылығын тудырып, әлеуметтік желіде көп қаралым жинау үшін жасалады. Алайда олардың таралуы мұхиттағы жануарлардың шынайы түсірілімдерін жалған контенттен ажыратуды қиындатып отыр.


