Алматыда университеттерге жарылғыш зат қойылды — полиция растамады

Фото: ІІМ баспасөз қызметі
Алматыда бірқатар жоғары оқу орнына жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растамады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Әлеуметтік желі қолданушылар Алматы қаласындағы университеттердің бірінде жарылғыш зат қойылғаны, салдарынан студенттерді далаға шығарғаны туралы жазып жатыр.

Аталған ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін Алматы қаласының полиция департаментіне хабарластық. Полицейлер қаланың түрлі ауданында орналасқан үш жоғары оқу орнына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенін мәлімдеді.
«Жедел шаралар аясында аталған нысандарға шұғыл қызметтер жіберілді. Қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, ғимараттар мен оларға іргелес аумақтар кешенді түрде тексерілді. Тексеру нәтижесінде жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат расталмады. Қауіпті заттар табылған жоқ», — делінген полиция хабарламасында.
Түйін
Яғни, полиция Алматыдағы үш жоғары оқу орнынан жарылғыш және қауіпті заттар тапқан жоқ. Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпараттарға сенбес бұрын ресми дереккөздерге сүйенген жөн.


