«Кибералаяқтыққа банктер мен байланыс операторлары да жауап береді»: аустралиялық профессормен эксклюзив сұхбат

Фото: Paul Haskell
Кибералаяқтардың құрбаны болған адамдарды кінәлау дұрыс емес. Өйткені бүгінде жалған сайттар мен хабарламалардың шынайы ресурстардан айырмашылығын тіпті мамандардың өзі бірден аңғара бермейді. Аустралияда бұл мәселеге байланысты банктер мен байланыс операторларына да жауапкершілік жүктелген. Бұл туралы Эдит Коуэн университетінің киберқауіпсіздік профессоры Пол Хаскелл-Доуленд NoFake.kz тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында айтты.
Эдит Коуэн университеті (Edith Cowan University) Жаратылыстану ғылымдары мектебінің практикалық киберқауіпсіздік профессоры, халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық әріптестік жөніндегі декан орынбасары Пол Хаскелл-Доулендтің пікірінше, фишингтік шабуылдар бұрынғыдай оңай анықталмайды. Қылмыскерлер қолданатын сайттар мен хабарламалар шынайы ресурстарға барған сайын көбірек ұқсайды. Сондықтан алаяқтықты тек пайдаланушының қателігімен түсіндіру дұрыс емес.
Фишингтік сайттар қалай жұмыс істейді?
Профессордың айтуынша, фишингтік сайттар әртүрлі болуы мүмкін. Олар құрылымы мен жұмыс істеуіне қарай өзара бөлінеді. Қаскөйлер банкке, мемлекеттік органға немесе танымал компанияға ұқсайтын жалған сайт жасап, пайдаланушыны сол жерге деректерін енгізуге итермелейді.
«Алаяқтық схемасына қарай олардың кейбірі салыстырмалы түрде зиянсыз болуы мүмкін. Адамға айтарлықтай зиян келтірмеуі де ықтимал. Алайда кейде олар әлдеқайда ауыр шабуылдар жасау үшін қолданылады», – дейді аустралиялық маман.
Пол Хаскелл-Доуленд мұндай шабуылдардың салдары қарапайым аккаунттың бұзылуымен шектелмейтінін атап өтті.
«Мысалы, фишингтік сайт адамды электрондық поштасына кіру деректерін енгізуге алдау үшін жасалуы мүмкін. Енді біреу сіздің поштаңызға қол жеткізді деп елестетіп көріңіз. Ол хаттарыңызды оқи алады, тіпті басқа аккаунттарыңыздың құпиясөздерін қалпына келтіру мүмкіндігін пайдалана алады», — деді профессор.
Оның айтуынша, алаяқтар жұмыс аккаунттарына да қолжеткізуі мүмкін. Мұндай жағдайда қауіп жеке адаммен шектелмей, тұтас ұйымның ақпараттық қауіпсіздігіне әсер етеді.
«Егер сіз логин мен құпиясөзіңізді енгізсеңіз, тіпті қосымша растаудан өтсеңіз, қылмыскерге банк шотыңызға қол жеткізуге мүмкіндік беруіңіз мүмкін», — деп түсіндірді сарапшы.
Алаяқтық хаттар бұрын оңай танылатын
Профессордың сөзінше, соңғы жиырма жылда фишингтік шабуылдардың сипаты айтарлықтай өзгерген. Бұрын жалған хаттардың мәтінінен, емле қателерінен немесе банк стиліне сәйкес келмейтін безендірілуінен күмәнді бірден байқауға болатын. Киберқауіпсіздік маманы қазір жағдай күрделенгенін айтады. Оның айтуынша, бүгінде кибералаяқтық кәсіби деңгейде ұйымдастырылатын қылмысқа айналған.
«Алаяқтардың қолында елеулі ресурстар бар. Олардың электрондық хаттары да, сайттары да шынайы көрінеді. Бұрын мұндай жағдайларда көбіне зардап шеккендердің өздерін кінәлайтын. Адамдарға алаяқтардың айласына түсіп қалғаны үшін кінә тағылатын. Оларға іс жүзінде ешқандай көмек көрсетілмейтін», — деп атап өтті ол.
Алайда маман соңғы онжылдықта Аустралияда мұндай алаяқтықтың қаншалықты үлкен қауіп төндіретіні және оның адамдар үшін салдары қаншалықты ауыр болуы мүмкін екені айқындала түскенін айтады.
«Оның үстіне, біз әдетте назар аударуға кеңес беретін алдау белгілерін байқау кейде өте қиын. Тіпті кәсіби мамандардың өзі мұндай айлаға түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен бұл мәселенің маңыздылығын мойындау қажет. Халықтың сауатын арттыратын ақпараттық-ағартушылық науқандар керек. Аустралияда мұндай науқандар көп өткізілді. Олар компанияларға емес, қарапайым азаматтарға бағытталды. Негізгі мақсат — адамдарды алаяқтық схемаларды жақсырақ тануға үйрету», – дейді сарапшы.
Аустралиядағы банктер мен байланыс операторларының жауапкершілігі
Сарапшы кибералаяқтықпен күрестің маңызды бөлігі ретінде халықтың ақпараттануы, күмәнді әрекеттер туралы хабарлау тетіктерін қалыптастыруды және заңнамалық талаптарды енгізуді атады. Ғалымның сөзінше, Аустралияда алаяқтық туралы хабарламаларды қабылдайтын арнайы ұйымдар жұмыс істейді. Бұл полицияның барлық оқиғаны жеке тергеуге қауқары жетпейтін жағдайларда маңызды.
«Бұдан бөлек, алаяқтық туралы хабарлаудың түсінікті әрі қолжетімді жолдары болуы керек. Сондықтан біз осындай жағдайлар туралы хабарлауға болатын арнайы ұйымдар құрдық. Өйткені полиция, әдетте, мұндай қылмыстардың барлығын тергеп-тексере алмайды. Олардың саны тым көп. Мұндай жағдайлар үнемі болып тұрады. Оның үстіне, бұл қылмыстардың басым бөлігі халықаралық сипатқа ие. Алаяқтық немесе фишингтік шабуылдар жәбірленушілер тұратын елдің өз ішінде ұйымдастырылатын жағдайлар өте сирек кездеседі. Қылмыскерлер көбіне шетелден әрекет етеді. Географиялық қашықтық олардың жасырынуына және әшкерелену қаупін азайтуына мүмкіндік береді», — деді профессор.
Сондай-ақ, ол жауапкершілікті тек интернет пайдаланушыларына жүктеу жеткіліксіз дейді. Қызмет көрсететін ұйымдар да алаяқтықтың алдын алуға қатысуы керек.
«Мысалы, қазір Аустралияда байланыс қызметтерін жеткізушілерге белгілі бір талаптар қойылған. Байланыс операторлары мен интернет-провайдерлер де жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына алады. Егер алаяқтар SMS-хабарламалар таратса, мобильді операторлар мұндай таралымды тоқтату үшін шаралар қабылдауға міндетті. Ал шағымдар түскен жағдайда, олар тексеру жүргізуі керек», – дейді сарапшы.
Профессор қаржы ұйымдарының да жауапкершілігі күшейтілгенін атап өтті. Маманның айтуынша, енді Аустралияда іс жүзінде заңды қызметпен айналыспайтын және үстінен шағымдар түскен ұйымдарға адамдардың ақша аударуына жол беріп, ешқандай шара қолданбай отыруға болмайды.
«Сондықтан қазір адамдар алаяқтардың кесірінен ақша жоғалтқан жағдайда банктер мен басқа да қаржы ұйымдары да жауапкершіліктің бір бөлігін көтереді. Демек, бұл мәселеге кешенді түрде қарау қажет. Барлығы халықтың хабардарлығын арттырудан басталады. Одан кейін мемлекет бастамалары, заңнамалық талаптар және олардың орындалуын бақылау сияқты шаралар қолға алынады. Бұл жолда әр елдің өз даму кезеңі бар екенін түсіну маңызды. Алайда қай кезеңде болмасын, әр адам сақтық танытып, алаяқтардың құрбаны болмау үшін өзі де қажетті шараларды қабылдауы керек», – деп ескертті Пол Хаскелл-Доуленд.
Яғни шетелдік киберқауіпсіздік маманының пікірінше, алаяқтықпен күрес кешенді болуы керек: халықты ақпараттандыру, шағымдарды қабылдау, заңнамалық міндеттерді белгілеу және олардың орындалуын бақылау өзара байланысты жүргізілуі қажет.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда кімдер ескерусіз қалуы мүмкін?
Сұхбат барысында Қазақстанда да өзекті саналатын тағы бір мәселе — мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру талқыланды. Профессордың пікірінше, цифрлық қызметтерді енгізген кезде барлық азамат жаңа технологияларды бірдей меңгере алады деп есептеуге болмайды.
«Қателіктер көбіне адамдардың жаңа форматты бірден қабылдайды деген болжамнан туындайды. Біз бұл формат тиімдірек, ыңғайлырақ немесе, шартты түрде айтқанда, қауіпсіздеу болады деп есептейміз. Бірақ бұл барлығы үшін солай болады дегенді білдірмеуі мүмкін», — деді ол.
Сарапшы әсіресе егде жастағы азаматтардың қажеттіліктеріне назар аудару керектігін айтты. Кейбір адамдар цифрлық сервистерді қолдануда қиындыққа тап болуы немесе маманның көмегіне мұқтаж болуы мүмкін.
«Барлығын жай ғана онлайн форматқа көшіруге болмайды. Өйткені кез келген қоғамда технологияларды пайдалануға мүмкіндігі мол адамдар да, мұндай мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар», — деді Хаскелл-Доуленд.
Ол азаматтарға жаңа қызметтерді меңгеруге көмектесудің бір жолы ретінде қоғамдық кітапханаларда кеңес беру мүмкіндігін ұсынды.
«Адам кітапханаға келіп, маманның жанына отырады. Ол маман жергілікті билік өкілі болуы да мүмкін. Содан кейін азамат қажетті рәсімдерден өтіп, жаңа қызметті меңгеруі үшін оған көмектеседі», — деп түсіндірді профессор.
Киберинциденттерді жасыру сенімге нұқсан келтіреді
Хаскелл-Доулендтің айтуынша, мемлекеттік цифрлық қызметтерге деген халық сенімі олардың техникалық қорғалуына ғана емес, қауіпсіздік оқиғаларына қалай жауап берілетініне де байланысты. Ол банкке жасалған кибершабуыл да клиенттердің қаржылық мүддесіне ғана емес, ұйымның беделіне де әсер ететінін айтады. Мемлекеттік мекемелерге қатысты жағдай да осындай.
«Егер мемлекеттік орган немесе онлайн-сервис кибершабуылға, не басқа да киберинцидентке ұшыраса, халықтың наразылығы күшейеді. Адамдар мұндай жағдайдың қалай болғанын, сондай-ақ оның қайталанбауы үшін қандай шаралар қабылданатынын білгісі келеді. Бұл тұста жиі жіберілетін бір қателік бар. Мен нақты Аустралия туралы айтып отырғаным жоқ, бұл – әлемнің көптеген еліне тән мәселе. Мемлекеттер көбіне ақпаратты және қоғамға қандай мәліметтердің жария болатынын бақылауға тырысады», – дейді Пол Хаскелл-Доуленд.
Оның пікірінше, мұндай жағдайларда ақпаратты жасыру жағдайды ушықтыруы мүмкін.
«Алайда адамдардың болған оқиға туралы білуге құқығы бар екенін мойындауымыз керек. Оның үстіне, егер қандай да бір инцидент туралы ақпарат жасырылып, кейін бәрібір жария болып кетсе – ал ерте ме, кеш пе, бұл орын алады, – оның салдары әлдеқайда ауыр болады», — деді ол.
Профессордың айтуынша, инциденттер туралы ашық хабарлау, жіберілген қателіктерден сабақ алу және олардың қайталануына жол бермейтін шаралар қабылдау маңызды.


