NoFake

Криптоәмиян мен Starlink: Қазақстанда халықаралық интернет-алаяқтық схемасы әшкереленді

Фото: gov.kz

Қазақстанда халықаралық интернет-алаяқтықпен айналысқан Қытайдың 13 азаматы ұсталып, елден шығарылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, шетелдіктер Қазақстан аумағында алаяқтықтың жасырын схемасын ұйымдастырған, деп хабарлайды NoFake.kz.

ҰҚК заңсыз көші-қонға қарсы іс-шаралар барысында Қазақстан заңнамасын бұзып, ел аумағында жүрген 13 Қытай азаматын анықтаған.

«Тексеру барысында шетелдіктердің Қазақстан аумағында халықаралық интернет-алаяқтықтың жасырын схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Олардан көптеген компьютерлік техника, ұялы телефондар, Starlink спутниктік интернет байланысы жабдықтарының жиынтықтары, сондай-ақ криптоәмияндардағы ірі көлемдегі қаражат табылды», – делінген ҰҚК хабарламасында.

Комитет мәліметінше, топтың заңсыз әрекеттері Қазақстан резиденттері болып саналмайтын басқа елдердің азаматтарына бағытталған. Алаяқтық схема шетелден үйлестіріліп отырған.

Осыған байланысты тексеру Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп жүргізілген. Нәтижесінде ұсталғандардың кейбірі Қытайда осыған ұқсас әрекеттері үшін іздеуде жүргені белгілі болды.

2026 жылғы 16 қазанда 13 шетел азаматы әкімшілік тәртіппен Қазақстаннан шығарылып, тергеуді жалғастыру үшін Қытайдың уәкілетті органдарына тапсырылды.

Оқу үшін