Мүгедектік тобына қатысты шешімге қайда шағымдануға болады

Фото: Gov.kz
Қазақстанда мүгедектік тобын белгілеу туралы шешіммен келіспеген азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қорытындысына шағым түсіре алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай жағдайда қайда жүгіну керектігін және шағымды қарау тәртібін түсіндірді.
«Егер азамат мүгедектік тобына, оның мерзімі мен себебіне, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне қатысты қабылданған шешіммен келіспесе, сараптамалық қорытындыны қайта қарау туралы өтініш беруге құқылы. Бұл құқықты оның заңды өкілі де пайдалана алады», – деп хабарлады министрлік.
Ведомствоның мәліметінше, шағым сараптамалық қорытынды алынған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне берілуі тиіс.
«Өтінішті қағаз жүзінде немесе e-Otinish платформасы арқылы электронды түрде жолдауға болады. Шағымды қарау тәртібі сараптаманың қалай жүргізілгеніне байланысты. Егер азамат тікелей жүргізілген сараптама нәтижесімен келіспесе, оның қорытындысын МӘС әдіснама және бақылау бөлімі қайта қарайды. Мамандар медициналық құжаттарды зерделеп, азаматты тексереді. Қажет болған жағдайда кардиолог, онколог, офтальмолог, педиатр және психолог сияқты бейінді мамандар тартылады»,-делінген хабарламада.
Ал сырттай, проактивті форматта жүргізілген сараптама нәтижесіне шағымданған азамат тұрақты тіркелген жеріндегі аумақтық департаментке жүгінеді. Құжаттар басқа өңірдің МӘС әдіснама және бақылау бөліміне жіберіліп, азаматтың жеке деректері көрсетілмеген медициналық құжаттар негізінде қайта қаралады.
«Мұндай жағдайда тиісті бөлімге МӘС актісі келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптамалық қорытынды шығарылады. Бұл мерзім құжаттарға сараптамалық баға беру кезеңіне қатысты», – деп түсіндірді ведомство.
Сонымен қатар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 99-бабына сәйкес, заңнамада жекелеген жағдайлар үшін өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда шағым 20 жұмыс күні ішінде қаралады. Қайта қарау нәтижесінде бұрын қабылданған сараптамалық қорытынды өзгертілуі немесе өзгеріссіз қалдырылуы мүмкін. Азамат жаңа шешіммен де келіспесе, заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануды жалғастыра алады.
«2026 жылдың тоғыз айында тікелей және сырттай проактивті форматта жүргізілген МӘС нәтижелеріне шағымдану бойынша 4 918 қайта куәландыру өткізілді. Оның 440-ы немесе 8,9%-ында қайта қарау қорытындысы бойынша мүгедектік белгіленіп, не мүгедектік тобы неғұрлым ауыр топқа өзгертілді», – деп мәлімдеді министрлік.
Еске салайық, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу және оның қорытындыларына шағымдану тәртібі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен және Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен реттеледі.


