NoFake

Автоцонда емтихан тапсыру үшін 6 ай кезек күту керек — фейк

Фото: Gov.kz

Құрылтай отырысында «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаты Мейраш Шынасилова «Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтихан тапсыру үшін ұзақ кезек күтуге тура келетінін, кейде 6 айға дейін созылатынын» мәлімдеді. Nofake.kz аталған ақпарат қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін тексеріп көрді.

Депутат баяндамасында не айтылған?

Депутат Құрылтай отырысында Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын сынады.

Скриншот: депутат баяндамасы/16/09/2026

«Азаматтар мен автомектептердің хабарлауынша, Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтиханды ұзақ күтуге тура келеді, кейде 6 айға дейін созылады. Бос орындар лезде таусылады. Жазылу тетігі мөлдір емес: қай орынның кімге және қалай берілгені белгісіз. Тапшылық пен ашықтық жоқ жерде ақылы делдалдар пайда болмай қоймайды», — деп жазылған депутат баяндамасында.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жауабы қандай?

Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында «емтихан тапсыру үшін, расымен 6 айға дейін кезек күтуге тура келе ме?» деген сауалды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолдадық. Ондағылар бүгінгі таңда емтихан инфрақұрылымына ең үлкен
жүктеме Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Түркістан және
Алматы облыстарында байқалатынын жеткізді.

«Аталған өңірлерде емтиханға жазылу үшін күту мерзімі екі айға дейін жетуі мүмкін. Басқа өңірлерде күту мерзімі, әдетте, 10–15 күннен аспайды, ал кейбір аймақтарда емтиханға күнбе күн жазылуға болады», — делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ, корпорация 2026 жылғы 25 қыркүйектегі жағдай бойынша «ХҚК» мобильді қосымшасы арқылы теориялық емтихан тапсыруға 105 мыңнан астам, ал практикалық емтиханға 43 мыңнан астам үміткер тіркелгенін атап өтті.

«Күту мерзімінің ұзаруына жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер арасында жаз айлары, оның ішінде еңбек және оқудан демалыс кезеңдеріне байланысты маусымдық сұраныстың артуы, сонымен қатар, 2025 жылдан бастап мопедтерді міндетті мемлекеттік тіркеуін енгізу, сондай-ақ «А1» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығының болуы туралы заңнама талаптарының енгізілуі себеп болды», — делінген хабарламада.

Ведомство, аталған факторлар — жүргізуші куәлігіне үміткерлердің жалпы санының артуымен қатар,
мамандандырылған ХҚКО-лардың емтихан инфрақұрылымына түсетін жүктеменің өсуіне әкеп
соққанын жеткізді.

«Емтихан тапсыру кезегін күту мерзімі алты айға дейін созылады деген мәліметтер нақты деректермен расталмайды. Нақты күту мерзімдері өңірге, жүргізуші куәлігіне үміткерлердің санына және тиісті емтихан инфрақұрылымының өткізу қабілетіне байланысты
өзгеріп отырады», — делінген хабарламада.

Дегенмен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және бірқатар өңірде күту мерзімі екі айға дейін жетуі мүмкін. Ал басқа аймақтарда бұл мерзім әдетте 10–15 күннен аспайды. Емтиханға жазылу кезегінің ұзақтығы өңірдегі сұраныс пен емтихан инфрақұрылымының өткізу мүмкіндігіне байланысты.

Оқу үшін