NoFake

Илон Масктың дипфейкі, Ресейдегі оба және әскери техника: аптаның басты фейктеріне шолу

Осы аптада Қазнетте Астана көшелеріндегі әскери техниканың қозғалысы мен «әскери комиссариат радарына» қатысты мәліметтер тексерілді. Сондай-ақ Илон Масктың су тапшылығы туралы жалған мәлімдемесі, Непалдағы көшкіннің ЖИ көмегімен жасалған видеосы және Ресейде оба тарағаны туралы ақпарат талқыланды. Осы және өзге де ақпараттың қаншалықты рас екенін NoFake.kz апталық шолуынан оқыңыз.

«Астана көшелеріндегі әскери техника төтенше жағдайға байланысты»

Не таратылды:Астана тұрғындары қала көшелеріндегі әскери техника мен полиция қызметкерлерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде түрлі болжам таратты. Кейбір жазбаларда жағдайдың себебі нақты көрсетілмеді.

Тексеру не көрсетті: әскери техника мен полицияның қозғалысы рас болған. Алайда оның төтенше жағдайға қатысы жоқ. Сыртқы істер министрлігі бұл қауіпсіздік шаралары Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің Қазақстанға 5–6 қазандағы мемлекеттік сапарына байланысты ұйымдастырылғанын түсіндірді.

«Алматыдағы инфекциялар орталығында жақында өрт болды»

Не таратылды:  әлеуметтік желілерде Алматыдағы аса қауіпті инфекциялар орталығында өрт шыққанын көрсететін видео тарады. Жазбада оқиға жақында болғандай әсер қалдырылды.

Тексеру не көрсетті: видеоның өзі шынайы, бірақ ол жаңа оқиғаны көрсетпейді. Кадрлар қыркүйекте болған өрт кезінде түсірілген. Демек, мұнда жалған видео емес, шын видеоны басқа уақыттағы оқиғамен байланыстыру арқылы жасалған манипуляция қолданылған.

«Қазнетте Ресейдің Иркутск облысында оба тарап жатыр»

Не таратылды: әлеуметтік желілерде Ресейдің Иркутск облысында оба ауруы тарағаны туралы ақпарат пайда болды. Осы мәліметке сүйенген қолданушылар Қазақстан–Ресей шекарасын жабуды ұсынды.

Тексеру не көрсетті: Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жағдайға түсініктеме беріп, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен екенін хабарлады. Яғни әлеуметтік желідегі бастапқы ақпараттан Қазақстанға тікелей қауіп төніп тұр деген қорытынды жасауға негіз жоқ. Мұнда нақты медициналық ақпаратқа эмоциялық және асығыс болжам қосылған.

«Алматы Су» басқа компанияға беріледі»

Не таратылды: әлеуметтік желілерде Алматыдағы су құбыры мен кәріз жүйесін басқару басқа компанияға берілетіні туралы ақпарат тарады.

Тексеру не көрсетті: «Алматы Су» ШЖҚ МКК бұл мәліметті жоққа шығарды. Кәсіпорынның су құбыры және кәріз шаруашылығын басқаруы басқа компанияға берілетіні туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

 «Әскери комиссариат радары арқылы әскерге шақыру орындарын бақылауға болады»

Не таратылды: жастар мен геймерлер арасында Telegram-бот арқылы әскери комиссариат өкілдері жүрген жерлер туралы ескерту алуға болатын «әскери комиссариат радары» туралы ақпарат тарады.

Тексеру не көрсетті: мұндай карта Қорғаныс министрлігінің ресми сервисі емес. Ондағы ақпарат пайдаланушылар енгізетін деректерге және картографиялық сервистерге сүйенеді. Сондықтан картадағы белгілі бір белгі әскери комиссариат қызметкерлерінің нақты сол жерде жүргенін дәлелдемейді.

«ЖИ сот шешімдерін өзі шығарады»

Не таратылды: Еліміздегі сот жүйесінецифрлық көмекшілерді енгізлуі туралы ақпраат қоғамда жасанды интеллект сот істерін өзі талдап, сот шешімдерін қабылдайды деген қауесет тарады.

Тексеру не көрсетті: Жоғарғы Соттың NoFake.kz редакциясына берген жауабына сәйкес, соттарда ЖИ элементтері бар цифрлық жүйелер істерді талдауға, ұқсас сот практикасын іздеуге және жекелеген санаттар бойынша шешім жобаларын дайындауға көмектеседі. Алайда соңғы шешімді жасанды интеллект емес, судья қабылдайды.

«Энергетикалық сусын көп ішу жүректі тоқтатуы мүмкін бе?»

Не таратылды: әлеуметтік желілерде энергетикалық сусындарды көп тұтыну жүректі тоқтатуы мүмкін деген алаңдаушылық жиі айтылады. Осыған байланысты энергетиктердің жүрекке қаншалықты қауіпті екені туралы сұрақ туындайды.

Тексеру не көрсетті: UMC Жүрек орталығының кардиологы Исламбек Лаисканов энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну жүрек ырғағына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты. Әсіресе аритмиясы немесе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға мұндай сусындардан бас тартқан дұрыс.

«Непалдағы жойқын көшкіннің видеосы»

Не таратылды: әлеуметтік желілерде Непалдағы таулы аймақта болған жойқын көшкін түсірілген деген видео тарады. Кадрлар қыркүйек соңындағы табиғи апатпен байланысты көрсетілді.

Тексеру не көрсетті: видео шынайы көшкінді көрсетпейді. AFP фактчекерлері кадрлардан жасанды интеллект арқылы жасалған контентке тән белгілерді анықтаған. Демек, нақты болған табиғи апат туралы жаңалықтың фонында жалған видео қолданылған.

«Аустралия премьер-министрі сахнадан құлап қалды»

Не таратылды: әлеуметтік желілерде Аустралия премьер-министрі Энтони Альбанезенің сахнада құлап қалғанын көрсететін видео тарады. Жазбаларда кадрлар шынайы оқиға ретінде ұсынылды.

Тексеру не көрсетті: видеоның түпнұсқалығы расталмады. Роликте ЖИ көмегімен жасалған өзгерістердің белгілері бар. Яғни саясаткердің шынайы бейнесі жалған оқиғаны көрсету үшін пайдаланылған.

«Илон Маск миллиардтаған адам қаза болуы мүмкін екенін айтты»

Не таратылды: Илон Масктың атынан тараған видеода миллиардер әлемдегі су тапшылығы салдарынан миллиардтаған адам қаза болуы мүмкін екенін айтқандай көрсетілді. Видео криптовалютаға қатысты мазмұнмен бірге тараған.

Тексеру не көрсетті: Масктың мұндай мәлімдеме жасағанын растайтын түпнұсқа видео немесе сенімді дерек табылмады. Аудио мен бейне жасанды түрде өзгертілген дипфейк ретінде пайдаланылған. Бұл жағдай ЖИ арқылы адамның беделін пайдаланып, қаржылық алаяқтық жасау қаупін де көрсетеді.

«АҚШ Ирандағы 140 нысанға соққы жасады»

Не таратылды: әлеуметтік желіде АҚШ Иран аумағындағы 140 нысанға соққы жасағанын көрсетеді деген видео жарияланды. Ролик біртұтас әскери операцияның кадрлары ретінде ұсынылды.

Тексеру не көрсетті: видеода әртүрлі оқиғалардан алынған ескі кадрлар араластырылған. Кейбір көріністердің басқа елдердегі бұрынғы қақтығыстарға қатысы бар, ал бірқатар кадрлардың жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екені анықталған. Сондықтан ролик АҚШ-тың Иранға жасаған біртұтас шабуылын дәлелдемейді.

Оқу үшін