Непалдағы жойқын көшкін деп тараған видео ЖИ көмегімен жасалған

Фото: factcheck.afp.com
Қыркүйек айының соңында толассыз жауған жаңбыр Непалдың бірқатар аймағында су тасқыны мен көшкінге әкелді. Осы тұста әлеуметтік желілерде таулы аймақта болған жойқын көшкін делінген видео тарады. Алайда кадрлар шынайы емес. AFP фактчекерлері видеода жасанды интеллект көмегімен жасалған контентке тән бірқатар белгіні анықтады.
«Непал тауларындағы қорқынышты көшкін кадрлары», — деген сипаттамамен видео 29 қыркүйекте X әлеуметтік желісінде қытай тілінде жарияланған.
Кадрлардан тау бөктерінен төмен қарай үлкен көшкін жүріп, ақ түсті көпқабатты ғимараттың жанынан өтіп, жолындағы көліктер мен ағаштарды басып жатқанын көруге болады.
Кейін видео әлеуметтік желілердің түрлі платформасында ағылшын, хинди, испан, француз және араб тілдерінде осыған ұқсас сипаттамамен тараған.
Непалда шынымен көшкін болды
2026 жылдың қыркүйек айының соңында нөсер жауын Үндістанның солтүстігі мен көршілес Непалда су тасқыны мен көшкінге себеп болды. Табиғи апат салдарынан кемінде 68 адам қаза тапқан.
Непалда да жаңа су тасқыны мен көшкіндер тіркеліп, кемінде 12 адам көз жұмды.
Соңғы жылдары ғалымдар Оңтүстік Азияда экстремалды ауа райы құбылыстары жиілегенін айтып келеді. Мамандар мұны температураның жоғарылауы және климат жағдайының өзгеруімен байланыстырады.
Алайда әлеуметтік желілерде Непалдағы осы табиғи апаттың көрінісі ретінде тараған видео шынайы емес.
Видеода қандай қателер бар?
AFP мамандары видеоны талдау барысында жасанды интеллект көмегімен жасалған контентке тән бірнеше визуалды сәйкессіздікті анықтады.

Мәселен, кадрдағы ғимараттың құрылымы кей тұста бұлыңғыр әрі бұрмаланған. Тау бөктерінен төмен қарай аққан тас пен топырақ массасының қозғалысы да табиғи көрінбейді.
Көшкін жолдағы көліктер мен ағаштарды опырып әкетіп жатқанымен, кадрдың сол жағындағы адамдар орнынан қозғалмайды және қашуға әрекет жасамайды. Жол бойындағы кейбір бағандарға да алып көшкін еш әсер етпегендей көрінеді.
Тағы бір кадрда үйінділер көпқабатты ғимараттың дәл шетінен үлкен жылдамдықпен төмен құлайды, бірақ ғимараттың өзі зақымданбайды.
AFP сонымен қатар видеодағы биік ғимараттардың Непалдың таулы аймақтарына тән емес екенін атап өтті. Жер бедері тік әрі жазық аумақ аз болғандықтан, мұндай өңірлерде негізінен аласа ғимараттар кездеседі.
ЖИ анықтайтын құрал не көрсетті?
AFP видеоны жасанды интеллект арқылы жасалған контентті анықтайтын Hive Moderation сервисімен де тексерген.

Талдау нәтижесінде жүйе видеода жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе дипфейк контент болуы ықтималдығын 99,4% деп бағалаған.
Демек, Непалда шын мәнінде су тасқыны мен көшкіндер болғанымен, әлеуметтік желілерде «Непалдағы жойқын көшкін» деп тарап жатқан бұл видео нақты оқиғаны көрсетпейді. Кадрлар жасанды интеллект көмегімен жасалған.


